Батысқазақстандық зиялы қауым өкілдері «Нұр Отан» ХДП-ның «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын құру бастамасын қолдады

None
ОРАЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында зиялы қауым өкілдері, саясаткерлер, танымал тұлғалар мен жастар бас қосып,

«Нұр Отан» ХДП-ның «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын құру бастамасын қолдады.

Өңірге танымал еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай жүргізген дөңгелек үстел отырысында ақын Ақұштап Бақтыгереева «Елу жылда ел жаңа» деген, біз егемендік алған аз ғана уақыттың ішінде талай маңызды оқиғаларды бастан өткеріп отырмыз. Егемендік сан жылғы арманымызға қол жеткізді. Еліміз тыныш, ұрпағымыз бақытты. Біз Елбасына сенеміз. Облыстың ақын-жазушылары бұл бастаманы қызу қолдаймыз», деген ойын жеткізді. Сондай-ақ Сергей Погодин, Төлеген Мерғалиев, Александр Наугольнов, Серікқали Шарабасов секілді белгілі азаматтар Тәуелсіздік жылдарында еліміз қол жеткізген жетістіктерге қысқаша тоқталып, Елбасының сындарлы саясатын қолдап, оның өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту - жарқын болашағымыз бен еліміз тыныштығының кепілі екенін баса айтты.

Елімізді мекендеген жүзден астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп, бақуатты өмір кешуде. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына тарту ретінде облыстық ассамблея «Жайық Пресс» ЖШС-ның қолдауымен көлемді жинақ шығарған. Сөз алған ассамблея мүшелері Қазақстанды өздерінің туған Отаны деп есептейтінін зор мақтанышпен айтты.

«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет дөңгелек үстелдің тарихи-өлкетану мұражайында өтуінің өзінде үлкен мән бар екенін, еліміздегі, облыстағы барлық жасампаз іс осы музейде көрініс берумен қатар, тарих жылнамасына қосылған жәдігер болып қалатынын білдірді. Жастар атынан сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин облыстық қос газеттің Елбасы саясаты мен партия алға қойған міндеттерді халыққа жеткізуде алтын көпір болып келе жатқанын айтумен бірге, жастарға жасалған шынайы қамқорлықты өз өмірімен салыстыра таратып берді.

Жиналғандар дөңгелек үстел соңынан облыс халқына үндеу қабылдады.

«Біз, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы, соғыс және еңбек ардагерлері, бизнес қауымдастығы, жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері «Нұр Отан» ХДП-ның «Қазақстан - 2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын құру туралы бастамасын толық қолдаймыз.

Біз, «Қазақстан - 2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын құру арқылы барлық саяси, қоғамдық күштер мен азаматтық қоғам институттарының өкілдерін Елбасымыз Н.Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзартуға арналған референдум өткізуді қолдауға шақырамыз.

Бұл бастама бірлік пен берекеге, тұрақтылық пен татулыққа, жарқын болашаққа жол бастайды. Елімізді өркениет биігінен көрініп, жаңару кезеңіне өту мүмкіндігін береді. Жаңа кезеңге, жаңа белеске өту бұл Елбасы «Нұрсұлтан Назарбаев феноменімен» тікелей байланысты.

Біз, Ақ Жайық өңірі барлық тұрғынының Қазақстанның тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі ұсынысты қолдайтындарына сенімдіміз.

Бұл біздің болашаққа деген сенімімізді нығайтып, халқымызды біріктіре түспек, Отанымыз - Қазақстан Республикасын жаңа белестерге бастауда бізге күш-қуат бермек», делінген үндеуде.