ОРАЛ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаламқас Орашеваның 60 жылдығына орай оның туған жері - Ақжайық ауданы Алғабас ауылында еске алу шарасы өткізілді.
Небәрі 35 жасында жарық жұлдыздай ағып өткен сирек талант иесінің есімі қазақ ән өнерінің көгінде жарқырап тұра берері анық. Осының дәлеліндей аталмыш кеште де көмейіне даланың бозторғайы ұя салған, «Нарқыз» атанған әнші туралы жүрек толқытқан естеліктер айтылды. Ауданның дәстүрлі ән мектебінің өкілдері ол шырқаған жырларды, термелерді әуелетті. Сондай-ақ Қ.Орашеваның жолын қуған сіңілісі Мейрамгүл мен күйеубаласы Мақсат Тілепберген, қызы Ақмарал өнер көрсетті.
Алғабастан бастау алған осындай кеш аудан орталығы Чапаев ауылында да ұйымдастырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).