Батысқазақстандықтар Олимпиада жүлдегері Даниял Гаджиевті мақтан етуде
12:27, 07 Тамыз 2012
ОРАЛ. 7 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше Лондон олимпиадасында грек-рим күресінен 84 келі салмақта Қазақстан қоржынына қола жүлдені салған Даниял Гаджиев Батыс Қазақстан облысы жұртшылығын да қуанышқа бөледі.
БҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім бастығы Тұрарбек Бекарыстановтың айтуынша, Даниял екі жылдан бері Батыс Қазақстан облысы намысын қорғап келеді. 1986 жылы дүниеге келген дағыстандық балуан облыстық олимпиада резервтерін даярлау орталығында жаттығады. Бапкерлері - БҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов пен Марат Тұрлыханов.
Батысқазақстандықтар еркін күрес шеберлері, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Таймұраз Тигиев пен әлем чемпионатының қола жүлдегері Абдулхаким Шапиевтен де жүлде күтеді.