Батысқазақстандықтар өмірден ерте кеткен суретші Мұратбек Жоламановты еске алды
Сырым ауданында туып-өскен Мұратбек алдымен Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде білім алып, кейін Алматы көркемсурет училищесінің живопись бөлімін 1990 жылы үздік бітірді. 1991 жылы Сырым Датұлының 250 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласында өткен республикалық байқауда «Сырым батыр» портретімен жүлделі орынды иеленді. 1996 жылы Алматы театр, кино және көркемсурет институтын тәмамдаған оның «Хан көтеру» атты дипломдық жұмысы ең үздік картина ретінде бағаланып, өзі сонда жұмысқа қалдырылды. Мұратбек институт жанынан Қазақстан жас суретшілерінің ұйымын құруға жетекшілік етті. Алайда, 1997 жылы денсаулығына байланысты елге оралып, қалған жұмыстарын осында тындырды. Тұңғыш жеке көрмесі 1999 жылы көзі тірісінде Орал қаласында ұйымдастырылды. Оның «Құлагер», «Рух шақыру», «Еділ-Жайық», «Күлтегін мен Білге туралы жыр», «Сарын», «Қазанат», «Тұмар», «Қорқыттың теңізге келуі», «Керей-Жәнібек», «Жаман ырым немесе қағанаттың құлауы», «Аттиланың елесі» сынды картиналарының тақырыбы айтып тұрғанындай, қылқалам шебері өз халқының қатпары мол тарихына сүңгіп, сол кезеңдер мен бірегей тұлғаларды сурет тілімен оятып, бейнелей білді. Соның бәрі бабалар аңсаған азаттық рухына сай келетін еді.
Шара барысында Мұратбек Жоламановтың өмірінен сыр шертетін бейнефильм көрсетіліп, астаналық суретші Әділғали Баяндин, БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұнайдар Балмолда және басқалар қылқалам шебері туралы естеліктерімен бөлісті. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов туған жерінде суретші мүсінін орнату мен туындыларынан жинақ шығару жұмыстары қолға алынатынын жеткізді.
Әдемі әндермен көркемделген кешке Мұратбектің анасы Мәрия, жары Гүлжәміш, қызы Еңлік қатысты.
Суретші туындыларын жинақтап, көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан жары Гүлжәміш Бәкейдің айтуынша, Мұратбек өз сырын күнделігіне де жазып қалдырды. «...Ойланып, өмірден қашан кетемін деп түңіліп отырсам, алдымда май келеді екен. Жоқ, май айы маған керек-ақ! Өлуге болмайды! Майда, мүмкін жер кепкенде, мен де аяғымнан тұрып, живопись жазуға мүмкіндік туатын шығар. Үш ай жазда өндіріп, картиналар жазып тастасам-ай, шіркін! Шіркін! Шіркін!» (Мұратбектің күнделігінен)
Бұл қайран азаматтың ең соңғы арманы еді...
Үнемі алдына үлкен мақсат қойып, оған жылдам жетуді көздейтін Мұратбектің өмірі оның өнерімен тікелей байланысты еді. Жұмыстарының тақырыбының тарихи бағытта болуы оның еліне, жеріне деген сезімін, ұлтжандылығын көрсетеді. Ол әуел баста қолына қылқалам ұстап, алғаш рет суретшілікке бағыт алғаннан-ақ өз ұлтының тарихын, бүтін ұлы түркі тақырыбын барлық шығармасына арқау етумен бастаған болатын. «Қазақ» атты қасиетті ұлттың ғасырлар бойы жүріп өткен тарихын терең зерттеген Мұратбектің арманы тарихымызды болашақ ұрпаққа сурет өнері арқылы жеткізу еді.
«Менің қазағым ұлы халық қой, ұлы халық! Әттең, соны ешкім білмейді! Олар үшін қазақ жабайы, айдалада атпен шапқылаған надан халық. Ондай халықта не мәдениет болады дейді. Өздері осыған әбден сенеді ғой... Олар Қабанбай, Бөгенбайдан гөрі орыстың Илья Муромецін артық қояды... Мен білем - қазақ мәдениетті, сауатты, әрі жауынгер халық болғанын білем! Сендердің бабаларың ұлы болған! Қасқалар-ай... оянсайшы...! Құлдық сананы ысырып, көзіңді ашсайшы! Қасқа қазақ!» (Мұратбектің күнделігінен) Ұлтына жеткізгісі келген осы бір жан айқайы кенеп бетінде түрлі бояулар арқылы бейнеленгенін оның туындыларынан байқауға болады...
Мұратбектің картиналары - оның өмірі, ішкі әлемі және тағдыры. «Менің картиналарым - менің өзім, менің мінезім. Бірінен бірін бөліп ала алмайсың. Бұл менің өмірбаяным да» (Күнделіктен)
Әрбір картинасы оның өмірінен сыр шертіп тұрғандай.
Суреттеріндегі буырқанған бояулар - оның ішкі әлемі. Бірқалыптылық, бейжайлық оған мүлдем жат. Керісінше, шапшаң әрекет, шалт қимыл және дөп баса білу, жылдам мақсатқа жету - Мұратбек мінезінің ерекше тұстары.
Бояу түстерінің ашықтығы оның ақ көңілін, басқаға болсын дейтін жанашыр мінезін аңғартады.
Ал, картиналардағы кескіндердің пішіні, оның нақтылығы, жандылығы оның ешкімге жалтақтамайтын бірбеткейлігін, өзіне деген сенімділігін, шынайылығын, тіке мінезін білдіреді.
Картиналарында кеңістіктер кең ауқымда алынған. Шағын ғана кенеп бетінен ұланғайыр алқапты көре аласың. Бейнеленген әрбір оқиғаның астары, мазмұны терең. Кейіпкерлер мен нысандар молынан кірістірілген. Бұл суретші жүрегінің кеңдігін, адами қасиетінің жоғарылығын, ой-өрісінің ауқымдылығын көрсетеді.
«Мұратбек тұлғасы - өмірді нақты, шынайы сүре білетін адамның тұлғасы. Өмірдің мәнін жете түсініп, алдына мақсат қоя алатын, сол мақсатқа діттеген уақытта жете білетін, өзіне сенімді, табанды да қайсар мінезді, асқақ рухты дара тұлға. Мұратбек мәңгілікке менің жүрегімде қалды. Ол ұлағатты ұл, қамқор аға, адал жар, асыл әке және халқының дарынды перзенті еді. Бірге ғұмыр кешкен небәрі жеті жылдай ғана уақыт көрген түстей болып өте шықса да, одан алған тәлім-тәрбием мені парасаттылыққа, табандылыққа итермеледі, жігер берді. Тағдырдың сынағына тым ерте ұшырасақ та, еш берілуге болмайтынын түсіндім. Себебі, Мұратбектей біртуар азаматтың ізін өшірмей жалғастырып, ұрпағын тәрбиелеп жеткізу менің мойнымдағы өте үлкен парыз еді», дейді Г.Бәкей.
Иә, Мұратбек Жоламанов тірі болса, биыл тура елуге толар еді. Небәрі 34 жыл ғана ғұмыр кешкен талантты суретшінің соңында ел жадынан өшпес картиналары қалды.