Бүгін жастардың бір тобы Орал қаласындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Әділгерей Зұлхаровтың мәлім еткеніндей, жастар осылайша елі үшін мерт болған ерлерді еске алды.
Оның айтуынша, төрткүл дүниені елең еткізген еліміздегі оқиғадан кейін жағдай біртіндеп орнына келіп жатыр.
«Қиын күндерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған батыл да шұғыл шешімдерінің арқасында қауіп бұлты сейілді. Осындай сәтте біз де Мемлекет басшысына
қолдау көрсетіп, бірлігімізді таныта білуіміз керек. Елдегі бүлікті ұйымдастырушылар табылар, бірақ қайтқан боздақ, өшкен үміттің орнын ешкім толтыра алмас. Марқұм болғандардың отбасыларына, жақын-жуықтарына, жалпы Қазақстан халқына қайғырып көңіл айтамыз. Еліміз тыныш, егемендігіміз мәңгілік болсын!», - деді Ә.Зұлхаров.
Сондай-ақ Ақ Жайық өңірінің бірқатар ақындары мен Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының қызметкерлері Сырым Датұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ел үшін жанын қиған ерлердің рухына тағзым етті.
«Ел Тәуелсіздігі үшін шейіт болған батырлардың жаны жаннатта, иманы саламат болсын. Қайғылы күндер артта қалып, жарқын болашақтың жарық таңы атсын! Туымыз түспесін, тұғырымыз берік болсын, шаңырағымыз шайқалмасын!», - деді ақын, Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Ұлттық ұлан содырлармен ұрыста қаза тапқан боздақтарды еске алғанын жазған болатынбыз.