Әдемі безендірілген шыршалар Орал қаласының көрнекті орындарында, сондай-ақ кенттік округтерде орнатылып, жаңажылдық бағдарламалар қойылды. Абай, Чапаев алаңдары, «Орал» сауда ойын-сауық орталығы, Деркөл және Зачаган кенттерінде бір мезгілде сағат түнгі 23-те мереке отшашуға ұласты.
Орталық Абай алаңында қала тұрғындары мен қонақтарын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтап, өткен 2010 жылдың Батыс Қазақстан облысы үшін де берекелі болғандығын атап өтті. Айталық, облыс бойынша 272 млрд. теңгеге 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 90 млрд. теңге тұратын 9 ірі жоба республикалық индустрияландыру картасына еніп, барлығы да жыл аяғына дейін пайдалануға берілді. Мұндай жобалар жаңа жылда да жалғасын табады.
«Қарашығанақ - Орал» газ құбырының екінші кезеңі іске қосылды. Нәтижесінде Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандары тұрғындарының көгілдір отынға қолы жетті. 2011 жылы Жайықтың сол жақ бетінде тұратын Теректі және Ақжайық аудандарының халқы да осындай үлкен қуанышқа кенелмек.
2010 жылы әлеуметтік және мәдени салада қол жеткізген жетістіктер баршылық. Жаңадан 5 білім беру нысаны салынды. Тағы бір табыс - соңғы үш жылда мектеп жасына дейінгі балаларды бала бақшамен қамту 41 пайыздан 84 пайызға жеткізілді.
Облыста денсаулық сақтау саласы да жақсы дамып келеді. Өткен жылы Ақжайық, Теректі және Зеленов аудандарында және Орал қаласында жаңа ауруханалар мен емханалар пайдалануға берілді.
Жаңа жыл қарсаңында Өскемен қаласында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашыл тобын құруға арналған жиналысқа қатысушылар барлық Қазақстан Республикасы азаматтарына Үндеу жариялады. Бұл бастаманы батысқазақстандықтар да қызу қолдап, ел дамуының басты идеялық дем берушісі - Тұңғыш Президентіміз - Елбасы саясатын қолдайтындықтарын білдіруде.
2011 жыл бүкіл қазақстандықтар үшін ерекше жыл болмақ. Өйткені, бұл жылы еліміз Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеді. Дүниежүзінде беделі жоғары бұл ұйымға төрағалық ету ТМД елдері арасында бірінші рет Қазақстанға сеніп тапсырылды. Бұл, сөз жоқ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ішкі және сыртқы аренадағы салиқалы саясатының жемісі.
Қоян жылында VII қысқы Азия ойындары Астана мен Алматыда өткізілмек. Додалы бәсекеге Батыс Қазақстан облысынан 39 спортшы қатысады.
Тарихи да тағылымды мереке - Тәуелсіздіктің 20 жылдығын ұрпаққа өнеге, халыққа мақтаныш, әлемге айбар болар шаралармен атап өту де 2011 жылдың еншісінде.
Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Сайран Дүйсентегінің айтуынша, бұрын жаңажылдық безендіру бойынша байқау мекеме-кәсіпорындар арасында өткізіліп келсе, биыл сауда орындары жарысқа түсті. Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразовтың атынан мүгедек және аз қамтылған отбасылар балалары жаңажылдық шыршалар ұйымдастырылып, тарту-таралғылар табыс етілді.
Өңірде жаңажылдық мереке балалар үшін одан әрі жалғасуда. 2 қаңтарда «Орал» сауда ойын-сауық орталығы алдындағы шырша жанында, 3 қаңтарда қалалық мәдениет және демалыс саябағында жаңажылдық ертеңгіліктер болмақ.