ОРАЛ. ҚазАқпарат - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақтығұл Ойшыбаевтың (1940-1997) 75 жылдығына орай «Тағдырына екінші өмір бұйырған талантты жазушы» атты әдеби-музыкалық кеш өткізілді.
Әдебиетші-ғалым, профессор Серікқали Шарабасов ұйымдастырған шарада филология факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев, облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Есенжол Қыстаубаев, жазушының тұстастары сөз алып, әңгіме, хикаяттарының ерекшеліктеріне тоқталып, естеліктерін айтса, студенттер ән салып, өлең оқыды.
Тайпақ ауданында дүниеге келген Бақтығұл Ойшыбаев 1966 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін республикалық «Лениншіл жас», Тайпақ, Жымпиты аудандық газеттерінде қызмет етті. Әсіресе, Жымпиты (қазіргі Сырым) аудандық газетіне ұзақ жыл басшылық етіп, кейінгі буынның қалыптасуына еңбек сіңірді. Ауылда жүріп те, көркем шығармалар жазуын тоқтатпаған қаламгер 1983 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне қабылданды. Көзі тірісінде «Алыстан көрінген от», «Қимас күндер» атты жинақтары жарық көрсе, 2010 жылы ұрпақтарының құрастыруымен «Өмір белестері» кітабы басылып шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).