ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысына өнер сапарымен келген белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова Қаратөбе, Сырым аудандарында және Орал қаласында концерт қойды.
Батыс Қазақстанға келмегеніне жиырма жылға жуықтаған әншінің «Бақыттың жүрмін жолында» атты кешін Ақ Жайық жұртшылығы жылы қабылдады. Сұлушаш Нұрмағамбетова «Саржайлау», «Жақсы көру», «Іңкәрім-ай» сынды қазақ композиторларының кеңінен таралған әндерін орындады. Сонымен бірге әншінің немересі Іңкәр Нұрмағамбетова да әжесімен бірге өнер көрсетіп, көпшілік қошеметіне бөленді.
Сұлушаш Нұрмағамбетова кезінде Өзбекстан, Қытай, Польша секілді шетелдерде гастрольдік сапармен болып, қазақ ән өнерін насихаттады. Сондай-ақ оның репертуарында қырғыз, қарақалпақ, орыс, түркімен халықтарының да әндері бар.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).