«Батыста» ішкі әскер бөлімдерінің штаб бастықтары бас қосты

Фото: None
ОРАЛ. 11 қазан. ҚазАқпарат - 8-10 қазан аралығында ҚР ІІМ ішкі әскерлері «Батыс» өңірлік қолбасшылығы базасында еліміздің батыс облыстарындағы ішкі әскер бөлімдерінің штаб бастықтарымен оқу-әдістемелік жиын өткізілді.

Оған «Батыс» өңірлік қолбасшысы, полковник Қайрат Ақтанов жетекшілік етті.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы, майор Ерболат Сұлтановтың хабарлағанындай, қоғам тыныштығын қамтамасыз ету жөнінде Елбасы қойған міндеттерге сәйкес ішкі әскерлердің дайындығын пысықтау мақсатында ұйымдастырылған шара барысында дәрістер өткізіліп, әдістемелік ұсынбалар берілді. «Батыс» қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, полковник Асхат Омаров әскери бөлімдердің жай-күйіне талдау жасап, алда тұрған мақсат-міндеттерді атап көрсетсе, басқа да тәжірибелі офицерлер өз бағыттары бойынша жан-жақты түсінік берді. Жиынға қатысушылар бөлімді техникалық, тылдық, кадрлық, медициналық жағынан қамтамасыз етуді ұйымдастырудың қазіргі заманғы талаптарымен, техника мен қарудың жаңа түрлерімен, жедел байланыс құралдарымен танысты. Сонымен қатар дөңгелек үстел басында өзекті мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.