Батыстың Ресейге санкциясы Қазақстанға тікелей әсер етпеуі мүмкін - А. Мырзахметов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыстың Ресейге қарсы жасаған санкциясы Қазақстанға тікелей әсер етпеуі мүмкін. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай мәлімдеді.

«Санкция нақты Ресейге бағытталған. Сондықтан да, батыстың бұл санкциясы Қазақстанға тікелей әсер етпеуі мүмкін деп ойлаймыз. Дегенмен, Ресей - біздің басты сауда әріптестеріміздің бірі. Сондықтан да, экономикадағы өзгерістер болмай тұрмайды деп санаймыз», - дейді Абылай Мырзахметов.

Сонымен қатар, палатаның басқарма төрағасы санкцияға қарамастан ресейлік сарапшылар өз елінде төмен болса да экономика өсімін күтетінін атап өтті. Сонымен бір мезгілде, батыстың сарапшылары қысқа мерзім ішінде Ресей экономикасының (-5) пайызға дейін құлдырайтынын болжаған.

«Әлбетте, әзірше бірдеңе айту қиын әрі ертерек. Дегенмен, батыс санкциясының Ресей экономикасын тежемей қоймайтыны айқын. Ал қазір бұндай жағдай Қазақстан экономикасына еш әсер еткен жоқ», - деп атап өтті А. Мырзахметов.