«Бауырына салу» фильмінің режиссері: «Оскарда» жеңіске үміткерлердің қатарындамыз
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық режиссер Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» фильмі Оскарға қалай ұсынылғанын және туынды неліктен әлемдік үздік картиналар тізіміне енуі тиіс екенін айтып берді.
Режиссер фильмде қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі, яғни баланы туыстарына, ата-әжесіне тәрбиелеуге беру мәселесі қозғалатынын түсіндірді. Бұл тақырып қазақ мәдениетінде айтылса да, кеңінен талқыланған емес.
Асхат Кучинчиреков өзінің бір жас үш айлығында әжесінің тәрбиесіне берілгенін, осы дәстүрмен өскенін, сондықтан да бұл тақырып оны үнемі толғандырып жүргенін мойындады.
«Әлемде көптеген бала ата-әжесі немесе басқа да туыстарының қолында өсіп жатыр және бұл фильм олардың өмірдегі жағдайын суреттейді. Әсіресе, осы жағдай Қазақстанда өте маңызды, өйткені көпшілігіміз ата-әженің қолында өстік. Біз бұл туралы ойлаған кезде өте жылы сезімге бөленеміз, сондықтан картина бұл жағынан өте әсерлі шықты», - деді режиссер.
Оның айтуынша, фильмде оның балалық шағы мен туған ауылындағы өмірі бейнеленген. Түсірілім үш жылға созылды және Сан-Себастьян кинофестивалінде фильмнің премьерасы өтті.
Онда фильм бесінші орын алып, ең жоғары «А» әлемдік рейтингін алды.
Қазір фильм 17 кинофестивальден өтіп, жүлделі орындарға ие болды. Ал режиссердің өзі ең үздік режиссер және сценарист ретінде танылды. Енді команданың алдында Оскар сыйлығында әлемдік үздік 15 фильмнің қатарына кіру міндеті тұр.
«Бізді назардан тыс қалдыра алмайды, себебі 17 жүлдені алып үлгердік. Біз көзге түсеміз деген ойдамын. Атап айтқанда, фавориттердің қатарында тұрмыз», - дейді режиссер.
Сонымен қатар ол қазірдің өзінде шетелдік серіктестер түсірілім тобының жұмысына назар аударып отырғанын, ал халықаралық БАҚ фильмге жоғары баға бергенін атап өтті. Осы орайда режиссер жұмысын жалғастырып, бұл бағытта өзін шыңдай түсуге дайын екенін жеткізді.
Еске салсақ, «Бауырына салу» фильмі Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген. Фильм жақында «Тұлпар» ұлттық сыйлығын иеленді және Оскар комитетіне International Feature Film номинациясы бойынша Қазақстан атынан ұсынылып отыр.
Америка академиясының дауыс беруі үш кезеңде өтеді. 9-13 желтоқсан аралығында академиктер шортлист жасақтайды, ол 17 желтоқсанда жарияланады. Дауыс беру 2025 жылдың 8-12 қаңтары аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша 17 қаңтарда барлық санаттағы номинанттар белгілі болады. Үшінші, соңғы кезең 11-18 ақпан аралығында өтеді. Жеңімпаздардың есімі 2025 жылдың 2 наурызында Лос-Анжелесте конверттерді ашу салтанатында жарияланады.