Бауырлас елдер Қазақстанға қандай көмек көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM — Достық, туыстық сын сағатта сыналады. Елдегі төтенше жағдай кезеңінде көрші елдер де кенде қалмай, қол ұшын созды. Қырғызстан, Түркия, Ресей, Өзбекстан мен Тәжікстанан келген көмек керуені арадағы қарым-қатынастың достық әрі сенімді серіктестік пейілде құрылғанын тағы бір дәлелдеді. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасында «Біз біргеміз» телемарафонында айтылды.
Қазақстанның бірқатар өңірін су басқанда қырғыз ағайын алғашқылардың бірі болып көмек көрсетуге асықты. Олар 300 тонна азық-түлік пен өзге де қажетті заттар тиелген 15 жүк көлігін жіберді. Гуманитарлық көмек су басқан Ақтөбе, Атырау, БҚО және Қостанай облыстарына жеткізілді.
«Мұны біртуғандық жәрдем деп айтуға болады. Бұл жәрдем туралы біздің елшілік бастама көтеріп, жағдайды үлкен алаңмен бақылап отырдық және Бішкекке хабар беріп отырдық. Гуманитарлық көмек жіберу туралы шешімді Президентіміз Садыр Жапаров қабылдады. Аз ғана уақытта жылу жиналып, екі лек көмек Қазақстанға жіберілді. Әсіресе тасқын судан көбірек зардап шеккен Ақтөбе, Атырау облыстарын таңдадық», — деді Қырғызстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев телеарнаға берген сұхбатында.
Тәжікстанның Душанбе мен Худжанд қалаларынан 61 вагон мен 13 жүк машинасы жіберілді. Мұнда 3 500 тонна гуманитарлық көмек қамтылған. Мұнымен де шектелмей, бірнеше күннен кейін құрылыс материалдары мен киім-кешекке толы 16 вагон тағы келді.
Өзбек елі де бізді назардан тыс қалдырмады. Жоғары Шыршық елдімекені жүздеген литр өсімдік майы мен төсек-жабдық жиыстырды және арнайы есепшотқа 2 млн теңге аударды. Тұрмысқа қажет құрал-саймандары мен үрлемелі қайық, резеңке етік және гигиеналық заттар тағы бар.
Ингушетия Республикасы 20 тонна ауыз су асарлатты. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» қайырымдылық шарасына осылай үлесін қосты.
«Өңірде тіршілік нәрінен таршылық болып жатыр дегенді естіген соң, таудың таза мөлдір суын жіберейік деген ортақ шешімге келдік. Жүк көлігіміз өткен сәрсенбі күні шықты. Жол алыс болған соң, аздап уайымдағанамыз рас. Дегенмен діттеген жерге аман-есен жетті», — дейді ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Джамбулат Тангиев.
Алыс-жақын шетелдегі қандастардың атамекенін су шайғанда жүрегі шайлыққаны анық. Омбы облысындағы қазақтар «сын сағатта тарихи Отанымызға қол ұшын созу парызымыз» деп 55 тонна жүк жөнелтті. Олар арнайы есепшот ашып, елдің керек-жарағына әлі де қаржы жинап жатыр.
«Сауабы мол іске бірнеше рет қатысып жатырмын. Себебі Қазақстандағы су тасқынынан келген шығын үлкен. Бәріміз ауызбіршілік танытып, қиын кезде көмектесеміз деп шештік, су және гуманитарлық көмек жеткіздік. Қазақстанда тұратын туыстармен, достармен үнемі байланыстамыз. Бәрі артта қалсын», — дейді Омбы қаласының тұрғыны Айдар Ғұсманов.
Моңғолиядағы өрімдей жастар да өнеге көрсетіп, тиын-тебенін буып-түйіп, көмегін берді. Сын сағатта сүйеу болған ағайынның демеуі көңілден ешқашан өшпейді. Су басқан елді мекендерге жекелеген шет ел азаматтары да қол ұшын созды.
Сондай азаматтардың бірі — АҚШ-тың оңтүстік Луизиана штатынан келген маман Джон Фелл. Ол жергілікті мұнай компаниясында жұмыс істейді және 60-қа жуық әріптесімен бірге жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп, көпшіліктің ортасынан табылды.
«Біздің Луизиана штатында жылына 3-4 рет су тасиды. Сондықтан тасқынмен күресте біраз тәжірибем бар. Бар білетінімді Жайық жағасын бекітуде пайдаланып жатырмын. Атырау менің екінші үйім болып кетті. Отбасым да осында. Осы жердегі жұмысты аяқтап болған соң, тұрғын жайымды қорғауға барамын», — деді Д. Фелл.
Сондай-ақ, дағыстандық Омарасхаб Ахмедов та елдің ықыласына бөленді. Ол түнгі сағат 2-де досының қоймасында сақталған 50 мың қапшықты жүк көлігіне тиеп, Астрахань асып, Атырауға келіп, тұрғындармен бірге бөгет жасауға көмектесті.
Спортшы Абзал Әжіғалиев бастаған азаматтар жерлестерімен бірге су басқан аймақтардғы белсінделімермен бірге барып, оқиғаның бел ортасында жүрді.
Алғашқылардың бірі болып, әрине халықтың сүйіктісі Димаш та барды және қаржылай көмек берді.
Бұған дейін Kazinform агенттігі тасқыннан жапа шеккен халыққа отандық шоу-бизнес жұлдыздары қандай көмек бергенін жазды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апатта тілеулестік танытқан бауырлас халықтардың басшыларымен телефон арқылы тілдесіп, алғыс білдерген болатын.