Бауыржан Омарбековтың айтуынша, сайлауалды үгіт-насихат науқаны барысында онлайн платформалардың қызметіне қатысты жаңа талаптар енгізіліп жатыр.
- Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы толық регламенттеліп, нақты тәртіппен реттелген болатын. Алайда қазіргі уақытта онлайн платформалардың аудиториясы мен ықпалы кейбір БАҚ-тан кем түспейді. Сондықтан олардың қоғамдағы рөлін ескере отырып, онлайн платформаларға да нақты талаптар қою ұсынылып отыр. Енді онлайн платформалар кандидаттардың барлығына тең мүмкіндік беруге міндетті болады. Мәселен, егер платформа бір кандидатпен келісімшарт жасап, үгіт-насихат жүргізуге алаң ұсынса, сол округтен сайлауға түсіп жатқан өзге кандидаттарға да дәл сондай мүмкіндік беруі қажет. Егер платформа қарсы кандидатқа да ұсыныс жасап, бірақ ол одан бас тартса, онда жауапкершілік онлайн платформаға жүктелмейді. Ал мұндай мүмкіндік мүлде берілмесе, тиісті жауапкершілік қарастырылады, - деді ол.
Сонымен қатар ол сайлау қорындағы қаражатты пайдалану тәртібін бұзғандарға жауапкершілік күшейтілетінін атап өтті.
- Үгіт-насихат жұмыстарына мемлекет тарапынан белгілі бір көлемде қаржы бөлінеді. Ауыл әкімдерінің сайлауына қатысты қазіргі редакцияда кандидаттарға жеке қор құруға мүмкіндік қарастырылмаған. Олар тек мемлекет бөлген қаражат аясында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге міндетті. Қаражатты мақсатсыз пайдалану деп келісімшартта көрсетілген қызметтен тыс немесе талапқа сәйкес келмейтін шығындарды айтуға болады. Мұндай жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Ал сайлау қоры бар кандидаттарға қордан тыс қаржы тартуға тыйым салынады, - деді Бауыржан Омарбеков.
Ал ауыл және аудан әкімдерін сайлау кезінде дауыс саны тең түскен жағдайда қайта дауыс беріледі.
- Бұл — қайта сайлау емес, қайта дауыс беру рәсімі. Мұндай жағдайда екі кандидат қалады да, бір ай ішінде қайта дауыс беру өткізіледі. Сол уақыт аралығында кандидаттарға үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік беріледі, - деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер тәжірибеде кездескен нақты мәселелерді ескере отырып әзірленген.
- Мысалы, бір азаматтың бір мезетте облыстық мәслихатқа да, Парламентке де кандидат болып тіркелуге әрекет жасаған жағдайлар болған. Осыған байланысты бір азаматтың бірнеше сайлауға қатар қатысуына шектеу қою ұсынылады, - деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, негізгі өзгерістердің басты қағидаты — ашықтықты қамтамасыз ету.
- Басты өзгерістердің негізгі қағидатының бірі — ашықтық. Бұл, ең алдымен, БАҚ пен онлайн платформалардағы үгіт-насихат жұмыстарының ашық жүргізілуіне қатысты. Сонымен қатар сайлау қорлары мен үгіт-насихатқа бөлінген қаражаттың қалай игеріліп жатқаны да ашық болуы тиіс, - деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.