Бауырлас елдер бір-бірін қолдауды жалғастыра береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Анкараға арнайы келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Режеп Ер­доған ресми сапардың мәртебесіне сай барлық жөн-жоралғымен қарсы алды. Мемлекеттер басшыларының екіжақты кездесуінен кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Оның барысында екіжақты іс-қимылдың қазіргі ахуалы, сондай-ақ, бірқатар басымдығы бар бағыттар бойынша Қазақстан-Түр­кия стратегиялық серіктестігін нығайту перс­пективалары кеңінен талқыланды. Президенттер халықаралық және өңір­лік күн тәртібінде тұрған аса өзекті мә­селелер жөнінде де пікір алмасты.

Келіссөздерден кейін екі ел басшылары бұқаралық ақпарат құралдарына арнап бірлескен баспасөз мәслихатын өткізіп, толғақты мәселелерге қатысты ойларын ортаға салды. Түркия Пре­зидентінің айтуынша, кездесу барысында осы елдегі әскерилердің төңкеріс жасауға талпыныстары да талқыланды. Осы орайда, 15 шілде оқиғасынан кейін Түркияға келіп тұрған алғашқы Мемлекет басшысы Қазақ­стан Президенті екенін ерекше атап айтқан Р.Ердоған: - Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапармен келуі мен үшін, елім және ұл­тым үшін үлкен абырой болып тұр.

Сапардың әсіресе, 15 шілде күнгі әскери төңкерістен кейін өтуі өте маңызды. Қазақстан Президенті сол әскери төңкерістен кейін келген, сол арқылы біздің ұлтымызбен ын­тымағын ашық түрде көрсеткен тұңғыш Президент. Қазақстан тә­уелсіздік алған 25 жылдың бе­дерінде біз әрдайым бір-бірімізге деген ба­уыр­ластығымызды көрсетіп келдік. «Жаман жігіт басын арашалайды, жақсы жігіт досын арашалайды» демекші, бұл ресми сапар Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас халықты ойлайтын шынайы достығын айғақ­тай түседі. Сол үшін Сізге өзімнің және хал­қымның атынан тағы да алғыс айтқым келеді, - деп ағынан жарылды.

Әлбетте, тағдырлы кезеңді бастан кешіп отырған дәл қазір Түркия үшін Қазақстанның қолдауы зор мәнге ие.  Мемлекет басшысының Түркияға сапары - Режеп Тайип Ердоған би­лігінің әскери төңкеріс әрекетін басуы, Анкараның парламенттік биліктен президенттік басқару формасына көшуі, сондай-ақ өңірдегі геосая­си қауіп-қатерлердің өршуі мен Түр­киядағы күрделі экономикалық және ішкі саяси жағдаймен тұспа-тұс келді. Сондай-ақ, бұл сапар Түркия мен Ресей қарым-қатынасының қайта қалыпқа келе бастауы жағдайында өтіп жатқанын да айтқанымыз жөн. Бұған да бірінші кезекте Қазақ­стан Президенті ықпал етіп, Түркия мен Ресейдің арасындағы қарым-қатынастың тоңын жібіткені баршаға мәлім. Сондықтан да Р.Ердоған: «Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін еш­қашан ұмытпаймыз. Өз атымнан және түрік халқының атынан Түркия мен Ресей арасындағы дағдарысты реттеуге қосқан зор үлесі үшін тағы да ризашылығымды білдіремін», - деді Түркия Президенті.

Елбасы осыдан ширек ғасыр бұрын, Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған тұста халқымыздың қуанышын Түркия мемлекеті ең бірінші болып бөліскенін еске салды.

- Біз Тәуелсіздікті жарияладық. Артынша марқұм Тұрғыт Өзал мырза маған: «Түркия қолдайды», деп қоңырау шалды. Мұны ешуақытта естен шығаруға болмайды. Түркия Қазақстанның ең жақын әрі сенімді сая­си және экономикалық әріптестерінің бірі. Болашақта да солай бола бермек. Себебі, біз түбі бір, тарихы бір, мәде­ниеті мен діні бір елдерміз. Бүгінгі ортақ тарих пен мұраға негізделген қарым-қатынасымыз одан әрі де өрістей береді. Байланыстарымыз бірте-бірте ілгерілеп, бүгінгі таңда стратегиялық сипатқа ие болды. Бауырлас жұрт барлық қауіп-қатерге төтеп беріп, өз жолын жалғастыруда. Қазақстан әрдайым Түркияға толық қолдау көрсетсе, Түркия да біздің елімізге қолдау көрсетеді деп ойлаймыз.  Сол арқылы әрқашан бір-бірімізге қол ұшын созып отыруымыз керек деп санаймыз, - деді Н. Назарбаев.

Бұдан кейінгі кезекте Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия ежелден Ұлы Жібек жолын тоғыстырған елдер екеніне тоқталып өтті. «Бүгінгі таңда мемлекетіміз Шығыс пен Батысты жалғастыру дәстүрін жоғалтқан жоқ. Ердоған мырзаның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына Түркияның қабылдануы жөніндегі ұсынысын толықтай қолдаймын, ШЫҰ-дағы біздің әріптестеріміз де қолдайды деп сенемін»,- деді Н. Назарбаев.

Бұл күні сонымен қатар, Қазақстан Президенті Түркия инфрақұрылымы дамыған аса маңызды транзиттік ел екенін, осыны ескеріп, бауырлас елді «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатына атсалысуға шақырды. «Бұл  біз үшін өте маңызды. Бүкіл Қытайдан, Орталық Азиядан Батысқа шығу Түркия арқылы жүзеге аспақ. Қытайдың шекарасынан біздің Каспий теңізіне дейін салынған 1500 шақырымдық теміржол салуды аяқтадық. Қазақстан арқылы өтетін Батыс Қытай 2700 шақырымдық автобан жолын салу аяқталды. Қазіргі таңда Баку порты кеңейтіліп жатыр. Біздің келіссөздеріміз бойынша,  Қазақстан-Түркия индустриялық аймақтарын құру жұмыстары Қазақ­станның бірқатар өңірінде жүріп жатыр. Бұл қадамдар екі елдің экономикалық әлеуетінің дамуына одан әрі серпін береді», - деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті өз сөзінде  мәдени-гуманитарлық бағыттағы ық­палдастықтың артып келе жатқанын жеткізді. «Келер жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Бұл ауқымды шара баламалы энергетика саласындағы инновация мәселесіне арналған. Осы орайда, мен Түркия басшылығын, бизнес өкілдерін және  бауырлас тү­рік халқын аталған шараға қатысуға шақырамын»,- деді Елбасы. Осылай дей келе, ол жалпы, қазақ-түрік қарым-қатынасын барлық салада нығайту үшін үлкен мүмкіндік бар екенін, бұл жерде түркі тілдес мемлекеттердің бірлігі ауа­дай қажет болатынын жет­кізді. «Егер, бірлесіп жұмыстар атқаратын болсақ, біз алмайтын асу болмайды. Қазір Түркия үлкен белестің алдында тұр. Мен Түркияның алдағы уақыттағы бағыт-бағдары дұрыс бола­рына сеніммен қараймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Р. Эрдоған Қазақстан Президентіне қазіргідей қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсеткені үшін тағы да  алғыс айтты.