«Мен 2015 жылы бауыр циррозы дертіне шалдықтым. Былтыр менің бауырымды толықтай алып тастады. Туысымның донор болуының арқасында бір өлімнен аман қалдым. Маған операция жасалғаннан кейін бірден екі жылға бірінші топтағы мүгедектік тағайындалды. Бірақ мені күз айында талдықорғандағы мамандар шақырып, бірінші топтағы мүгедектік тек бір жылға берілетінін айтты. Тіпті қолымдағы анықтаманы қаламмен сызып бір жылын қысқартып, қайтарып берді. Енді маған бірінші топтағы мүгедектік тек биылғы жылдың мамыр айына дейін ғана беріледі», - дейді Әйгерім Бегалы.
Жәбірленушінің айтуынша, ол алатын жәрдемақы оның дәрі-дәрмегінен аспайды. 31 жастағы келіншек мүгедектікті тағайындаған кезде мамандар қайда қараған деп ашуланып отыр. Енді оның бар үміті халық қалаулыларында. Талдықорғандықтың шағымын толықтай тыңдаған Серік Сәпиев пен Марат Бопазов мәселені анықтауға уәде берді.
Айта кету керек, Талдықорғандағы «Нұр Отан» партиясының ғимаратында мәжіліс депутаттары қоғамдық қабылдау жүргізген болатын.