«Мен үшін қайғылы күндер өтіп жатыр. Қордайда бауыр бауырын өлтірді. Адам өлді. Үйлер өртенді. 90-жылдары дүнген мектептерінің бірін қорғап едім.
Жеріміз экспансияға түскен кез келген жағдайда дүнгендер мыңжылдық жауынгерлік тәжірибесімен біздің жақтасымыз болды және бола беретініне сенімдімін. Қазақ және қырғыз жерлері олардың еңбекқорлығы мен еккен егіні үшін разы.
Біздің дініміз ортақ. Орталық Азия аспаны астында бәріміз теңбіз. Бауырын өлтіру - жақсы нышан емес. Бауырын өлтіргендер өзінің және ұрпақтарының өміріне қарғыс арқалайды. Бұрын солай болған және солай болып қала береді», - деді Мұрат Әуезов.
Еске сала кетейік, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірген-ді.
«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.
Кеше Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.
Арнайы Үкімет комиссиясы құрылып, Жамбыл облысына келіп жетті. Ал Ішкі істер министрлігі Қордайдағы қақтығыстан 10 адамның көз жұмғанын растады.