Бауыржан Байбек Қоғамдық кеңес мүшелерінің әрқайсысына ескерткіш орнатуды ұсынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев пен қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Жиын барысында  азаматтық қоғамды дамытуға арналған «Белсенді мегаполис» жол картасы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі азаматтардың қоғамға белсене араласуына, жастар саясатын жүргізуге, діни экстремизммен күреске жұмылдыруға бағытталған «Белсенді мегаполис» бірлескен жобасы қабылданды. Бұл Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Алматы арасындағы ауқымды құжат. Елбасы айтқандай, азаматтық қоғам рөлін арттыру 100 нақты қадам институционалдық реформасын жүзеге асыру жолындағы ұлт жоспары мақсаттарының бірі. Осы мақсатта  елімізде қоғамдық кеңес құрылды», - деді Бауыржан Байбек.

Қала әкімі қоғамдық кеңес сарапшылар пулы екенін атап өтті.

«Қоғамдық кеңес нағыз мамандардың бірігуінен құралды. Олар кез келген ақпаратпен қаруланған. Қоғамдық кеңес тіпті Алматыдағы мәслихат депутаттарынан да көп жұмыс жасайды. Осы отырғандардың бәріне көз тірісінде ескерткіш қою керек. Өйткені, олар алтын уақыттарын қиып, Алматының көркеюі үшін жалақысыз жұмыс істеп жатыр», - деді Б.Байбек.

«Алматы - азаматтық қоғамның діңгегі, орталығы. Еліміздегі 5 қоғамдық ұйымның 1-і Алматыда тіркелген. Олар тек Алматы емес, республика деңгейінде жұмыс істеп жатыр. Министрлік азаматтық қоғам институттарымен бірлестікті арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарып жатыр. Алматыда 206 мың студент бар екен. Олар - отанымыздың болашағы. Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы Алматыда ең жоғарғы деңгейде жүргізіліп жатыр», - деді Д. Кәлетаев.

Айта кету керек, «Белсенді мегаполис» бағдарламасы азаматтық қоғам, дін және жастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.

Аталған құжаттың үздік тәжірибелері еліміздің басқа да өңірлерінде енгізілетін болады.