Бүгін Республика сарайында XII республикалық «Жұлдызай» байқауының гала концерті, орталық алаңда талантты балалар шеруі өтті.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы түзету мектептерінің оқушылары әзірлеген жұмыстарымен танысты.
Бауыржан Байбек балалар шығармашылығын жоғары бағалап, ақыл-есі кеміс балаларға арналған №7 мектеп интернатының оқушылары жасаған триптихті сатып алды.
Киізден жасалған «ЭКСПО-2017 балалардың көзімен» қолөнер бұйымын өрнектеп тігуге балалар 3 ай уақытын сарп еткен.
«Көрмедегі жұмыстардың барлығы жоғары деңгейде жасалған. Балалардың жұмысынан махаббат, өмірге деген құлшыныс сезіледі», - деді Б.Байбек.
Қала басшысы «Алматы-2020» бағдарламасы аясында 2016 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды өмірге бейімдеу мақсатында 3 психологиялық кабинет жасақталғанын атап өтті. Бүгінде қалада 11 кабинет жұмыс жасап отыр.
Биыл қала бюджетінен қарастырылған қаржыға 6 балабақша құрылысына, 2 мектеп пен 6 білім ошағына қосымша нысан салынады. 28 нысанда сейсмокүшейту жұмыстары жүргізіледі.
Сондай-ақ, балаларды сауықтыруға 190 млн теңге бөлінген. 1 маусымнан бастап 771 лагерьде 100 мың бала демалатын болады.