Бауыржан Байбек «Нұр-Медиа» холдингінің БАҚ өкілдерімен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Нұр-Медиа» холдингінің БАҚ бас редакторларымен кездесті.

Шара барысында холдингтің ағымдағы және оның активтерінің жағдайы, сондай-ақ, «Нұр-Медиа» тобының БАҚ-ын дамыту жөніндегі жоспарлар талқыланды.

Биыл холдингтің құрамындағы 4 БАҚ өз мерейтойларын атап өтпекші. Атап айтқанда, «Түркістан» халықаралық апталығы мен «NS» радиосының құрылғанына - 20 жыл, «Айқын» және «Литер» газеттеріне - 10 жыл толып отыр.

Редакцияларды құттықтай отырып, Бауыржан Байбек: «Холдингтің ақпарат құралдары Елбасыының - партия көшбасшысының тапсырмаларын халыққа түсіндіріп, партия жұмысы мен саяси доктринаның басым бағыттарын жеткізе отырып, сол арқылы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше рөл атқарып келеді», - деп атап өтті.

Кездесу барысында «Нұр-Медиа» тобының бас директоры Болат Берсебаев холдингтің ағымдағы жай-күйі мен активтерінің жағдайы, оны дамыту перспективалары туралы баяндады. Сондай-ақ, БАҚ басшылары да өз кезегінде жоспарлары мен өткен жылдағы жұмыс нәтижелері туралы айтып берді.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек холдинг басшысына холдингтің қаржылық тұрақтылығын және активтерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, партиялық контенттің маңызын жоғарлату жөнінде жұмыстарды жалғастырып, сонымен қатар, әлеуметтік желілерде, жалпы Интернетте «Нұр-Медиа» БАҚ көрінуін кеңейтуді тапсырды.

«Нұр-Медианың» активтері радио, телевидение, баспа БАҚ, интернет секілді медианарықтың барлық сегменттерінде орын иеленген. Атап айтқанда, партиялық холдингтің құрамына «Астана» телеарнасы, «NS», «Orda FM» радиолары, Remarka.kz, Munara.kz, Aynaline.kz сайттары, «Литер», «Айқын», «Түркістан» газеттері енеді.

Холдингтің БАҚ дербес эксклюзивті контент құруды, тираждарды ұлғайтуды, хабар тарату аясын кеңейтуді көздейді. Атап айтсақ, «TNS GallupMediaAsia» мәліметтері бойынша «Астана» телеарнасы қазақстандық телеарналардың рейтингісінде 5-ші орынды иеленеді. Телеарна аудиториясының үлесі 2012 жылдың басындағы 2,2%-дан 2013 жылдың соңында 7,9%-ға өскен.

Өз кезегінде «Orda FM» Астананың танымал станциялары арасында үздік үштікте тұрақты орын алып келеді, ал «NS» радиосы онлайн-тыңдаушыларның саны жөнінен 1-ші орынды иеленеді. Kiwi.kz сайтының мәліметі бойынша, «NS» радиосы Қазақстандағы радиостанциялар арасында ең көп тыңдармандары бар сайт ретінде танылып отыр.

Айта кететін жайт, бүгінгі күнде холдинг медиалық активтерінің жұмысын қайта құруда. Қаржылай шығындарды азайту мақсатында «Литер» және «Айқын газеттері бір-біріне тәуелсіз редакцияларын сақтай отырып, бір серіктестікке біріктірілуде. 2014 жылдың 10 сәуірінен бастап «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Ара» сатиралық журналы «Айқын» газетіне қосымша ретінде жарыққа шыға бастады. Мұнымен қатар, munara.kz сайты «Нұр Отан» партиясының саяси доктринасында белгіленген қазақстандық құндылықтарды ілгерлетуге екпін қоя отырып, өз контентін дамытпақшы.