Бауыржан Байбек сенбілікте қызғалдақ баданаларын отырғызды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткен жалпықалалық сенбілікте ҚР Тұңғыш Президентінің саябағында 50 түп ағаш отырғызылды, 30 мыңға жуық қызғалдақ егілді, сондай-ақ 20 қырғауыл мен 10 тиін жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға белгілі спортшылар, қоғам қайраткерлері, эстрада жұлдыздары, жастар бірлестіктерінің өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, денсаулық сақтау қызметінің өкілдері, ПИК-тер, мектеп оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттері қатысты.

  

Жалпықалалық сенбілікке  250 мыңнан астам адам шықты.

«Бүгін сенбілік аясында ҚР Тұңғыш Президентінің саябағында 50 түп ағаш отырғызылды. Соның ішінде Оңтүстік Америкада өсетін 5 «қызғалдақ ағашы» бар. Ағаштар шамамен 5 жылдан кейін гүлдейді және олар қызғалдақтарға ұқсас болып келеді», - деді «Грин Ланд» ЖШС басшысы Гүлзада Қалдыбаева.

Сенбілікте 50 мың қызғалдақ: 30 мыңы ҚР Тұңғыш Президентінің саябағында, қалғаны Орталық мәдениет және демалыс саябағында егілді. Гүлдерді егу шарасына  Алматы әкімі Бауыржан Байбек те қатысты.  

 

Сонымен қатар қоршауларды,турникеттерді, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін сырлау жұмыстары жүргізілді.  Қала бойынша 1010 көшет отырғызу көзделген. Қоқысты шығару үшін 600 бірлік арнайы техника тартылды.