Бауыржан Байбек тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелер туралы айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек бүгін иннвациялық форум барысында қала билігіне тұрғындардың жиі айтатын сынына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен алғаш әкім боп келгенде бәріне сын айтатынмын. Қазір мәселемен егжей-тегжейлі таныса келе, мұның бәрі қаншалықты қиын екендігін түсіне бастадым. Бірақ қазір айтылып жатқан сын да бұрынғыдан көп емес. Тек әкімдік қалалықтарға ашық, қолжетімді бола бастады. Қазір тұрғындар тарапынан сенім артып келе жатқандығын айта аламын. Инстаграмды алсақ... басында қанша адам сенімсіздік білдірді. Қазір онда 150 мың тұрақты қолданушы бар. Мен телевизор қарамаймын. Интернетті арасында үзіліс болған кезде оқып тұрамын»,- деді әкім.

Қала басшысы тұрғындарды алаңдататын басты тақырыптарды атады. Оның айтуынша, қалалықтар экология мен көлік мәселесіне алаңдаулы.

«Экология мәселесі маңызды. Жасалып жатқан жұмыстың бәрі оны жақсартуға бағытталған. Жолдарды ақылы ете алмаймыз. 300 мың адам Алматы облысынан қатынап жұмыс жасайды. Олардың барлығы облыстық бюджетке түсетін салықтың 75 пайызын беріп отыр. Сондықтан, осы факторды ескере отырып, сырттан келетіндерге жолды жаба алмаймыз», - деді Бауыржан Байбек.

Әкімнің айтуынша, қаладағы барлық ЖЭС газға көшіріліп жатыр. Сондай-ақ, 300 жаңа автобус сатып алуға 11 млрд теңге бөлінген.

«Трамвай тоқтамайды. Нақтырақ айтқанда, ескі трамвайдың орнына жеңіл рельсті транспорт келеді. Метро жолдары ұңғыланып жатыр. Халықтың 15 пайызы метромен қатынайды», - деді әкім.