АСТАНА. ҚазАқпарат - Бауыржан Исламхан Қазақстан ұлттық құрамасының қараша айында Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірлігі құрамаларымен өтетін жолдастық кездесулеріне шақырту алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.
Бауыржан Исламханның футболдан екі жылға шеттету жазасының мерзімі аяқталды. Енді ол кәсіпқой командамен жаттығуды жалғастыруына болады. Бұған байланысты тиісті құжаттар алынды.
Айта кетейік, ел құрамасының бапкерлер құрамы бір ай бойы Бауыржан Исламханмен жұмыс жүргізді. Оның қорытындысы бойынша Алматыда басталатын жиынға шақырту туралы шешім қабылданды.
«Бауыржан туралы көп естідім. Оның ерекше таланты мен мол тәжірибесі бар. Алдағы оқу-жаттығу жиынында оның физикалық дайындығын қарағым келеді. Өйткені, екі жылдай оның ойын тәжірибесі болған жоқ. Оқу-жаттығу жиынында оның бабы қандай екенін байқап, алдағы ойындарға қаншалықты дайын екенін анықтаймыз», - дейді ұлттық құрама бапкері Магомед Адиев.
Футболшы соңғы рет ел құрамасы сапында 2020 жылдың қыркүйегінде Беларусь командасына қарсы ойнады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.