Баян Ахатай: Қыз алып қашу — тозығы жеткен дәстүр

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Аналар» кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай қыз алып қашу дәстүріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: спикердің жеке архивінен

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бір кездері қыз алып қашу қабылдауға болатын дәстүр болған шығар. Қазір, біздің заманымызда „бұл тозған дәстүр“ деп айтар едім. Себебі некеге сауатты, саналы түрде келу керек. Мектепте де балаларды, жасөспірімдерді некеге дайындау мәселесі болуы қажет. Бүгінгі күні ажырасудан да, ерте жүктіліктен де батыстан озып кеткен жағдаймыз бар. Мұның салдарымен күресе бермей, себебін де анықтау қажет. Әрине, салдарымен де күрескен жөн. Бірақ себебіне үңіліп, келесі буында некеге жауапты қарауға үйретуіміз қажет», — деді ол агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, егер материалдық жағдайға байланысты екі жастың ата-аналары ортақ ұйғарымға келсе, ондай қыз алып қашуға болады.

Өкінішке қарай оңтүстік өңірде келісімсіз қыз алып қашу әлі де баршылық. Қыздар өмірінде мүлдем көрмеген адамға жар болып жатқан жағдайлар бар.

«Қыз алып қашу күтпеген неке болғаннан кейін оның салдары да әртүрлі болып жатады. Қазір бұрынғыдай көніп отыра беретін қыздар жоқ», — деді Баян Ахатай.

Айта кетейік, елордада Орталық Азия өңірінде әйелдер мен қыздарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алуға ер-азаматтары жұмылдыру саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтуға бағытталған өңірлік семинар-тренинг өтті.