Баян Алагөзова «Жыл таңдауында» үздік продюсер атанды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Жыл таңдауы» сыйлығын ұйымдастырушылар жаңа «Онжылдықтағы үздік продюсер» номинациясының жеңімпазын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Онжылдықтың үздік продюсері» номинациясын «Жыл таңдауы» сыйлығының продюсері Жан Мұқанов табыс етті. Ол өз сөзінде аталмыш номинацияның жеңімпазын төрешілер бірден таңдағанын, еліміздегі көптеген әртістер оның мектебінен өткенін атап өтті. Осыдан кейін Жан Мұқанов марапатты Баян Алагөзоваға тапсырды.

«Жыл таңдауы» ұлттық музыкалық сыйлығы осымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. Биыл аталмыш сыйлыққа қатысуға 470 әртіс өтінім берген. Олардың ішіндегі үздіктердің үздігін таңдаулы төрешілер, эстрада әртістері мен онлайн дауыс беру тәртібімен қазақстандықтардың өздері таңдап алды.

Сыйлықты табыс ету рәсімі «Алматы аренада» өтті. Төрт сағатқа созылған шараны белгілі тележүргізушілер Аша Матай, Ләйлә Сұлтанқызы, Айгүл Мүкей, Мейіржан Шерниязов, Тәуекел Мүсілім жүргізді.

Айта кетерлігі, марапаттардың бірін Raim & Artur дуэтіне ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев табыс етті.