Баян Есентаева «армандаған жігітіне қол жеткізді»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал қазақстандық продюсер Баян Есентаева Instagram оқырмандарын кезекті қызық фотосуретпен қуантты.

«Армандаған жігітімді кезіктірдім», - деп жазады Б.Есентаева Instagram желісінде жарияланған фотолардың бірінде.

Өз кезегінде өнер иесін сүйіп оқитын оқырмандар бұл қалжыңға қуанып қалды. Себебі Баян Мақсатқызы күйеуімен болған оқиғадан кейін алғаш рет көңілді көрінді.

Еске салайық, Б.Есентаева қазіргі уақытта достарымен бірге Үндістанда емделіп жатыр.

«Дәрігерден дәрігер қоймай қаралып жүрмін, бүгінгі менің жағдайым осы. Қазір Үндістан астанасындамыз. Денсаулығыма әлі де күтім керек. Делиде толық тексерілуден өтем деп шештім. Неге? 3,5 жарым сағат тікелей рейспен ұшып келдім, барлығын қосқанда check-up 550 $. Салыстырмалы түрде айтқанда былтыр, Кореяда 5 есе артық төлегенмін. Дәрігерлер - АҚШ пен Британияда білім алып, жұмыс істеген білікті мамандар», деп жазды ол өз парақшасында.

Еске салсақ, 10 маусымда Б.Есентаева ми жарақаты, мұрын сыну, пышақ жарақаттарымен Талғар ауруханасына жеткізілген. Кейін анықталғандай, оны жұбайы Бақытбек Есентаев жанжал барысында жарақаттағаны анықталды. Ол Талғар АІІБ-ге жеткізілді, кейіннен УҰИ-ға қамауға алынды. Тұтқындау мерзімі 10 қыркүйекке дейін ұзартылды.

2016 жылы 14 қыркүйекте Бақытбек Есентаевқа қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Оған Баян Есентаеваның өзі келмеді. Есесіне оның қызы Айсәуле Бақытбек қатысты.

Танымал тележүргізуші және продюсер Баян Есентаева қазақстандық журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында осы оқиғадан кейін тұрмыстық зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқығын қорғау ұйымын құруды жоспарлап отырғандығын мәлім еткен болатын.