Баян-Өлгийдегі қазақтар Наурыз мерекесіне орай «Мәдениетті отбасы» байқауын жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолияның Баян-Өлгий қаласында тұратын қандастарымыз Наурыз мерекесін ерекше қарсы алуды жоспарлап отыр.

Жыл сайын жоғары деңгейде атап өтетін ұлттық мерекені байөлкелік ағайындар тек ойын-сауықпен ғана емес, қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануымен де байланыстыруда. Байөлке қазақ радиосының хабарлауынша, Өлгей қалалық әкімдігі «Мәдениетті отбасын» анықтауға арналған байқауды жариялады, деп хабарлады Baq.kz.

Сайттың жазуынша, Наурыз мерекесі ежелден тазалық пен қайырымдылық көрініс табатын, тың тіршілік басталатын күн ретінде ерекшеленіп келеді. Жер бусанып, бар тіршілік жандана бастайтын мезгілді Жаңа жыл ретінде қабылдап келген халқымыз 22 наурызда арадағы араздықты ұмытып, бір-бірін көктемнің шуақты күніндей мейірімді болуға шақырады. Қаһарлы қысты ұзатып салып, баладан бабаға дейін көшеге шығып ағаш отырғызады. Бұлақ аршып, жолдарды тазалайды. Ұлттық мерекенің осындай қырларын да ашып, халықты салауатты өмір сүруге шақыруды мақсат еткен Өлгейдегі отбасылар байқауы әр жанұяның тіршілік етіп, қызмет жасауға және оқып білім алуға мүмкіндіктері бар-жоғын, тұрмыстық бұйымдарының реттілігі мен гигиеналық талаптарға сай болуын, сондай-ақ үй ауласын жасылдандырып, бөлмелерге гүлдер өсіру жағын да сынға салмақ.

Ақпанның 18-і мен Наурыздың 18-і арасында өтетін байқау 22 наурыз күні жеңімпаздарды жариялайтын болады.