Баянауыл ормандарында сілесі қатып шаршаған бұлан таспаға түсіп қалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жануарлардың қазіргі уақытта күйекке түсетін мезгілі. Видеодағы бұлан кезекті шайқастан жараланып, әбден шаршаған болуы ықтимал деп болжайды мамандар.

Фото: Видеодан алынған скрин

Баянауыл ормандарында аяғын әрең басып бара жатқан бұланның аталығы видеоға түсті.

Видео авторы оны шамасы шайқастан жарақат алып қалған болуы мүмкін деп жазған.
Баянауыл ұлттық паркі мамандарының айтуынша, бұландардың аталықтары көбіне аумақ үшін таласады. Олар жалғыз жүріп, күйек кезінде шағылысатын ұрғашы бұландарды іздейді. Сондай сәтте аталықтары бір-бірімен кезігіп қалса, шайқасқа шығады. Өткір тұяқтарымен, мүйіздерімен бірін-бірі жаралайды.

- Бұлар үйір ұстамайтын, екі-үшеуден жүретін жануарлар. Шағылысу мезгілінде өздерін өте агрессивті түрде ұстайды. Аталықтары көбіне жалғыз жүреді. Адамдар бұл уақытта жануарлармен бет-бет кездесіп қалудан сақ болуы керек, - дейді аңшылықтанушы Бекзат Әкімбеков.

Еске сала кетейік, Баянауыл ұлттық паркінде бұландар фототұзаққа түсті.