Баянауыл ұлттық паркі аумағында ағынды суларды тазарту жобасын іске қосу қажет — Мәжіліс депутаты

Фото: Баянауыл ұлттық паркі

АСТАНА. KAZINFORM — Баянауыл ұлттық паркі аумағында ағынды суларды тазарту жобасын іске қосу қажет. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа сауал жолдаған депутат Нұржан Әшімбетов осындай ұсыныс білдірді. 

— Ағынды суларды тазарту және қайта пайдалану барлық елде кеңінен қолданылады. Алайда, бүгінгі күні Қазақстанда мұндай технологияларды қолданудың тиісті дамуы жоқ. Қабылданған Су кодексінде өнеркәсіптік кәсіпорындар суды қайта пайдалануды қолдануға міндетті нормалар қабылданды. Сондай ақ 2027 жылдан бастап барлық субъектілер үшін қайта су пайдалануды қолдану жоспарынсыз су пайдалану рұқсаттамасы берілмейтіні заңнамалық тұрғыдан қарастырылған, — деді ол.

Осы ретте депутаты ағынды суларды тазарту пилоттық жобасын Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық табиғи паркі Жасыбай көлінің демалыс аймағында іске асыруды ұсынды.

— Бүгінде 100-ден астам туризм субъектілері ағынды суларды ағызу құдықтарына жинайды. Содан кейін олар қауіпті тау беткейлері арқылы аудан орталығынан 30 шақырымнан астам тыс орналасқан полигон аумағына шығарылады. Ондаған мамандандырылған көліктердің қозғалысы жол қауіпсіздігіне әсер етеді. Ал бизнес үшін көлік шығындары жыл сайын өседі. Бұл сайып келгенде демалушылардың қалтасына әсер етеді, — деді депутат.

Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, қызметтердің қымбаттауына байланысты кәсіпкерлер ағынды суларды септиктерден басқа нысандарға төгуге немесе суды пайдалануды азайтуға ұмтылады. Бұл экологиялық жүктемеге және туристерге қызмет көрсету сапасының нашарлауына әкеледі.

— Жобаны іске асыру жағдайында тазартылған суларды өндірістік және шаруашылық қажеттіліктер, оның ішінде әсіресе жазғы кезеңде қажет болатын жасыл желектерді суару үшін пайдалануға болады, — деді ол.

Осыған орай Мәжіліс депутаты вице-премьерге мынадай ұсыныстар берді:

— тиісті министрліктер мен әкімдіктерге суды қайта пайдалану технологияларын ескере отырып, суды үнемдеу шаралары бойынша жол карталарын дайындауды тапсыру;

— Павлодар облыстық әкімдігіне Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе отырып, 2026 жылы «Жасыбай көлі» туристік аймағындағы Баянауыл ұлттық паркінің аумағында ағынды суларды тазарту пилоттық жобасын жүзеге асыруды жүктеу.

Бұған дейін Баянауыл туристік компаниялардан түсетін салықтың елеулі бөлігін жоғалтып отырғанын жазған едік.