Баянауыл ұлттық паркі аумағындағы көлдерде аэрация жүргізіліп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ұлттық парктің аумағында Сабындыкөл, Жасыбай, Біржанкөл, Торайғыр көлдері бар. Су айдындарында балықтың 13 түрі мен шаян тәрізді жәндіктердің 9 түрі тіркелген.

Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Баянауыл ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторлары мен мекемедегі ғылым және мониторинг бөлімінің мамандары су айдындарындағы балықтарды оттегімен қамтамасыз ету жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Қызметкерлер паркке қарасты Сабындыкөл, Жасыбай, Біржанкөл, Торайғыр көлдерінің мұзын бұрғылап, ойыққа қамыс тасталуда.

Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Мамандардың айтуынша, бүгінде көлдердегі мұздың қалыңдығы кей жерлерде 42 см-ден 65 см-ге дейін жетеді. Су бетіне мұз қалың қатқан сайын су астын мекендейтін жануарлардың тыныс алуына үлкен кедергі келтіреді.

- Аэрация дегеніміз, өзен-көлдерді ауамен қанықтыру процесі. Органикалық заттардың тотығуы барботирлеу арқылы өткізіледі. Яғни ойықтарды қолмен бұрғылап, оларды қамыспен толтырамыз. Қамыс оттегіні жақсы өткізеді. Парк аумағындағы 4 көлде балықтың 13 түрі мен шаян тәрізділердің 9 түрі кездеседі. Тұқы, сары мөңке, торта, қарабалық, алабұға, шортан балықтары кең таралған. Қыс мезгілінде мұз астындағы балықтарға қажетті оттегінің жеткізілуі өте маңызды,-дейді ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Динара Күншуақова.

Ұлттық парк аумағындағы су айдындары әуесқой балықшылардың қызығушылығына ие. Қысқы демалыс күндерінде мұнда балықшылар жиі келіп, қармақ салады.

Фото: Баянауыл ұлттық паркі