Баянауыл ұлттық паркінде автоматтандырылған шлагбаум іске қосылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бақылау-өткізу бекеттерінде енді қолма-қол ақша және банк карталары арқылы төлем қабылданбайды. Төлем тек банк қосымшаларының QR-лары арқылы жүзеге асырылады.

Фото: Валерий Бугаев

Бұл туралы Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркінен хабарлады.

- Ұлттық парктің Жасыбай демалыс аймағына енетін тұсында а втоматтандырылған шлагбаум іске қосылды. Бұдан былай бақылау-өткізу бекеттерінде қолма-қол ақша және банк карталары арқылы төлем қабылданбайды. Тек Kaspi QR және Halyk QR арқылы ғана төлей аласыз. Сапарыңызды ыңғайлы ету үшін төлемді алдын ала немесе бақылау-өткізу бекетіндегі QR-код арқылы жүргізулеріңізді сұраймыз, - деп мәлімдеді парктен.

Фото: Валерий Бугаев

Шлагбаумдар маңында тегін Starlink Wi-Fi желісі жұмыс істеп тұр. Төлем жүргізу кезінде көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін енгізу қажет болады. Бұған қоса банк қосымшасы арқылы алдын ала төлем жасап қоюға да болады.

Бұған дейін Баянауылдағы Жасыбай демалыс аймағына кіру қанша тұратынын жазған болатынбыз.