Баянауыл ұлттық паркінде жидек пен саңырауқұлақ теруге болмайды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Қазіргі уақытта ұлттық парк аумағында саяқ және үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Мамандар пестицид себілген аумақтарда 30 тәулік бойы адамдардың демалуына, мал бағуға, шөп шабуға және жеміс-жидек пен саңырауқұлақ теруге болмайтынын ескертті.
Бұл туралы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен хабарланды.
«31 мамыр – 15 маусым аралығында адам денсаулығы мен малға және су көздеріне өте қауіпті пестицидтермен химиялық өңдеу жүргізіліп жатыр. 300 гектар үйірлі шегірткеге, 560 гектар жер саяқ шегірткелерге қарсы өңделеді. Өткізілетін орындар – Баянауыл, Ақсан, Торайғыр ауылдық округтерінің аймағына шекаралас Баянауыл, Жасыбай бөлімшелері (Ұңғыма, Көшет, Тікұшақ тұрағы, Жамбақы, Кемпіртас, Айманбұлақ, телімдерінде)», - деп мәлімдеді ұлттық парктен.
Химиялық өңдеу жүргізілген жерлерде 30 тәулік бойы адамдардың демалуына, мал жаюға, шөп шауып, тасымалдауға және жеміс-жидек, саңырауқұлақ теруге тыйым салынады.
Еске сала кетейік, биыл саяқ шегірткеге қарсы Павлодарда 100 мың гектар жер өңделеді.