Баянауыл ұлттық паркіндегі орман өрті оқшауланды

АСТАНА. KAZINFORM — Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Долбинск орманшылығы аумағында орман өрті оқшауланды. Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру және қайта тұтануына жол бермеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.

Фото: ТЖМ

Ведомствоның хабарлауынша, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 14 қыркүйек күні тұтанған өрт бүгін сағат 17:00–де оқшауланды.

Фото: ТЖМ

— Жел бағытының өзгеруі мен күшеюіне байланысты өрт жоғары қарқынмен таралды. Оны оқшаулауға «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның су төгетін құрылғымен жабдықталған Ми-8 тікұшағы, сондай-ақ әуеден барлау жүргізу және қажетті күштерді жеткізу үшін ЕС тікұшақтары жұмылдырылды, — делінген хабарламада.

Өртті сөндіруге орман күзеті қызметкерлерімен қатар «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарынан, сондай-ақ Қарқаралы ұлттық паркінен қосымша күштер тартылды.

Барлығы 133 адам және 44 бірлік техника жұмылдырылды.

Өртті сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Бұған дейін Баянауылда ұлттық паркке қарасты жерлер өртеніп жатқанын жазған едік.