Баянауылда биыл тағы қарақұрт шығып жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ұлттық парктің мәліметінше, улы жәндіктер Торайғыр көлінің аумағындағы алтыншы орамда, 30 гектардай жерді жайлаған.
Баянауыл ұлттық паркінің ғылыми қызметкерлері Торайғыр көлінің солтүстік-шығысындағы тастақ жерлерден қарақұрт жұмыртқаларын тапқанын мәлімдеді. Демек жаз маусымында қауіпті жәндіктің қайта шығу ықтималдығы бар.
— Наурыз айында былтыр қарақұрт жайлаған жерлерді барлап келгенбіз. Тастар арасында улы өрмекшілердің жұмыртқалары бары анықталды. Жәндіктердің өзі қыста тастардың қуысына кіріп жан сақтайды да, күн жылына жер бетіне шығады. Айрықша қорғалатын жер болған соң парк аумағында химиялық өңдеуге рұқсат жоқ. Жұмыртқаларын қолмен жинап, құтыға салып өртеп жібереміз. Былтыр шамамен 30 гектар жерде әлгіндей іс-шараларды атқарғанбыз. Алдағы апталарда біздің мамандар жұмыртқаларды жоюға тағы кіріседі. Сондай-ақ Торайғыр ауылдық округінің әкімдігіне ескерту хат жібердік. Олар өздеріне тиесілі жерлерді өңдеуі керек, — дейді ұлттық парктің ғылым және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері Мұрат Жасұлан.
Қарақұрт осымен ұлттық парктен үшінші жыл қатарынан табылып отыр. Қызметкерлер 2023 жылы 1593 жұмыртқа мен қарақұрттың 356 ұрғашысын жинап, жойса, былтыр 523 жұмыртқа мен 124 ұрғашысы өртелген.
Ал Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың сөзінше, Торайғыр ауылдық округіне қарасты жерлердің біраз бөлігі (Ұлттық паркке тиесілі емес жерлер) қарақұртқа қарсы химиялық өңдеуден өтеді.
— Бұл мақсатқа бюджеттен 1,8 млн теңге бөлініп, мердігер таңдалып қойды. Өткен жылы тамыз айында қарақұрт қаптап кетуіне байланысты төтенше жағдай режимін жариялауға мәжбүр болғанбыз. Биыл ерте қамдандық. Мердігер алдағы уақытта өңдеуге шығады. Өңдеу іс-шараларын 2 рет жүргізіп өту қарастырылған. Былтыр 150 гектар жер өңделсе, биылғы шама да содан кем болмайды. Былтыр өңдеудің нәтижелі болғанын мердігер дәлелдеді. Бұл мәселе биыл да біздің назарымызда болады, — деді Ардақ Кісентаев.
Парк қызметкерлері Торайғыр көлінің маңайына демалуға баратындарға сақ болуды ескертіп отыр. Себебі қарақұрт адамға өте қауіпті. Дәрігерлер егер адамды қарақұрт шағып алса, бірден медициналық көмекке жүгінген абзал дейді. Медициналық көмек келіп жеткенше қарақұрт шаққан жерді 2-3 минут күйдіруге болады. Ол жәндіктің улы әсерін жояды.
Еске сала кетейік, былтыр жазда Баянауылдағы туристік орындарда қарақұрт қаптап кетті.
Ал тамыз айында қарақұрт қаптауына байланысты Баянауылда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Қыркүйек айында Баянауылда қарақұртқа қарсы химиялық өңдеу шаралары қолға алынды.