Баянауылда бір демде 5 мың адам демала алатын 50-ден аса туристік нысан бар

Фото: Фото: Валерий Бугаев

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -   Жасыбай көлінің жағасы туристерді қабылдауға дайын. Алдағы сенбі, 15 маусымнан бастап демалыс аймағында жазғы туристік кезең ашылады.

Баянауыл курорттық аймағында бір демде 5 мың адам демала алатын 50-ден аса туристік нысан бар. Таулы өлкеде 13 негізгі туристік маршрут және 68 көрнекі орын жұмыс істейді. Былтыр Жасыбай демалыс аймағына шамамен 120 мың адам келген.

Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысы әкімдігінің ақпарынша, туристік саланы дамыту жөніндегі 2028 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы бекітілді. Онда 8,5 млрд теңгеге 17 инвестициялық жобаны және 12,3 млрд теңгеге 7 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру бойынша іс-шаралар көзделген. Баянауылдағы туристік әлеуетті одан әрі дамыту үшін Павлодар облысының әкімдігі мен ERG арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде 3 жобаның сметалық құжаттамасы әзірленді. Олар - Баянауыл кентінде Ұлы Отан соғысы батырларына арналған стелла бойындағы жаяу-серуендеу аймағын қайта жаңарту, Сабындыкөл көлінің жағалауы мен жағажайын қайта жаңарту, туристерге арналған музейі бар орталық салу.

Фото: Валерий Бугаев

Бұған қоса ауданда дене шынықтыру-сауықтыру орталығын ашу көзделген. Келешекте аудан орталығында шаңғы-роллерлік трасса, шипажай салу, хостелі бар ірі заманауи жанармай құю стансасын тұрғызу сияқты жоспарлар да бар.

Еске сала кетейік, елімізде туризм саласынан бюджетке түсетін салық түсімдері 450 млрд теңгені құрады.