Баянауылда қар құрсауында қалған балалар құтқарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Құтқарушылар Баянауылдан Қарағанды облысына қарай шығып, жолда тұрып қалған екі жеңіл көлікті қар құрсауынан алып шықты.
Бұл туралы Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
— 11 наурыз күні сағат Баянауыл ауданы Құндыкөл ауылынан 5 шақырым жерде аудандық автожолда 2 жеңіл автокөлік тұрып қалған. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көмекке шығып, қар құрсауынан «Hyundai Elantra» және «Toyota Alphard» маркалы екі жеңіл автокөлікті шығарды. Олардың салонында 6 жолаушы, оның ішінде 2 бала болған. Жолаушылар медициналық көмекке мұқтаж болмады, - деп мәлімдеді өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.
Жалпы наурыз айы Ертіс-Баян өңірінде боранды болып тұр. Соңғы бір аптада жергілікті автожолдарда боран мен көктайғақтың салдарынан көлік қозғалысына шектеулер жиі енгізіліп жатыр. Құтқарушылар бұл күндері автожолдарға көз тігіп, жолда тұрып қалған жолаушыларға көмек көрсетіп жатыр. Әсіресе, ауылдық жерлерден қатынайтын автокөліктердің жүріп-тұруында қиындықтар кездеседі.
Еске сала кетейік, Павлодар — Семей автожолында көлік апатынан жүргізуші қаза тапты.