Салтанатты рәсімге Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысып, Баянауылдың туристік әлеуетін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, біз Баянауылдың әлеуетін толық ашатын және оны Қазақстандағы туризмнің маңызды орталықтарының біріне айналдыратын заманауи туристік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалыптастырып келеміз. Бүгін біз жай ғана визит-орталықты емес, тарих, мәдениет және рухани мұраны заманауи технологиялармен ұштастыратын орталықты ашып отырмыз. Бұл – өңірдің болашағына салынған инвестиция. Біздің мақсатымыз – Баянауылды қайта-қайта келгің келетін мекенге айналдыру, – деді Асайын Байханов.
Әкімдіктің мәліметінше, Баянауылдағы туристік инфрақұрылымды жаңғырту нәтижесінде курорттық аймақ енді бір маусымда 300 мыңға дейін турист қабылдай алады.
Жаңа визит-орталық Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің негізгі ақпараттық және навигациялық орталығы болады. Мұнда туристер туристік бағыттар, табиғи көрікті жерлер, киелі орындар мен өңірдің мәдени мұрасы туралы толық ақпарат ала алады.
Аумағы 740 шаршы метр болатын кешенде туристік бағыттардың цифрлық картасы бар интерактивті аймақ, музей кеңістігі, конференц-зал, коворкинг, трансформер-кітапхана, кофехана, ана мен бала бөлмелері және демалыс аймақтары орналасқан.
– Орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі – жасанды интеллект технологияларын қолдану. Заманауи мультимедиялық шешімдер арқылы келушілер Баянауылдың табиғаты, тарихы және мәдени мұрасымен интерактивті форматта таныса алады, – делінген хабарламада.
Жобаны іске асыруға қосқан үлесі үшін Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен «Еуразиялық топ» ЖШС-нің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі менеджері Балым Гаязова, YouthArt қалалық даму қорының құрылтайшысы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Кристина Бекмурзаева және «СМУ-Астана LTD» ЖШС-нің директоры Еркін Қапаров марапатталды.
Сондай-ақ осы күні белгілі өлкетанушы, туризм саласының үздігі, «Елім-ай» сыйлығының лауреаты, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Алтынбек Құрмановтың «Көне Көктау оттары» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Автор 25 жылдан астам уақыт бойы архив құжаттарын зерттеп, тарихи-мәдени ескерткіштерді зерделеп, көнекөз қариялардың естеліктерін жинақтаған. Бес бөлімнен тұратын кітапта өңір тарихы, сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан және Ермұхан Бекмахановтың мұрасына қатысты бірегей деректер қамтылған.
Іс-шара барысында «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев арнау айтып, оған белгілі өлкетанушылар, жазушылар және қоғам қайраткерлері қатысты.
Жұмыс сапары кезінде Асайын Байханов Баянауылдың кіреберісінде орнатылған жаңа стеламен де танысты. Биіктігі 30 метрлік сәулеттік нысанда салт атты бейнесі, ұлттық ою-өрнек пен қазақ үйінің кереге элементтері бейнеленген. Сонымен қатар аумақ толық абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолы салынып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, Қазақстанда туризмге салынған инвестиция 1,2 трлн теңгеден асты.