Жоба аясында көл маңайындағы 2,3 гектар аумақ абаттандырылады. Жағажайда футбол мен волейбол алаңдары, балалар ойын алаңы, фуд-корт, екі санитарлық торап, медициналық пункт, құтқару мұнаралары мен пирстер салынады.
Сонымен қатар автотұрақты кеңейту және 35 шатырдан тұратын демалыс аймағын құру көзделген.
Өңір басшылығы мердігерді анықтау рәсімін келесі жылға қалдырмай, биыл бастауды ұйғарып отыр. Бұл қажетті жабдықтарды алдын ала қамдап, ерте көктемде құрылыс жұмыстарын жедел бастауға мүмкіндік береді.
Облыс әкімдігінен хабарлағандай, Баянауылдағы туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Бұған дейін Сабындыкөл жағалауы абаттандырылып, Жасыбай көлінің жағажайы толықтай жаңғыртылған. Бүгінде Жасыбай жағажайында 64 жаппа, 438 шезлонг, үш көлеңкелі қалқа, екі фуд-корт, балаларға арналған алаңдар мен футбол және волейбол алаңдары, душ және киім ауыстыратын орындар, сондай-ақ үш санитарлық торап орнатылған.
— Біз Сабындыкөлдің жағалауын абаттандырдық, Жасыбай көлінің жағажайын толықтай жабдықтадық. Енді Торайғырға көңіл бөлу қажет. Егер жыл сайын кезекпен бір-екі көлді жаңартып отырсақ, туристер саны әрі қарай да өседі, — деп атап өтті әкімдіктен.
Торайғырдан кейін өңірдегі өзге де демалыс орындарын кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Ақсу қаласындағы екі жағажайды, сондай-ақ Маралды және Тұздыкөл көлдерін абаттандыру мәселесін қарастыру тапсырылды. Баянауылдағы туристік нысандарға жыл басынан 357 мыңнан астам адам келген.
Бұған дейін бір ғана Жасыбай демалыс орнында өткен жазда 200 мыңдай турист демалғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ Баянауылдық жеті кереметі туралы материалды оқи отырыңыз.