Баянауылдағы өрт оқшауланды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орман төсеніштері мен ағаш тамырлары жанды, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: «Ақжайық» резерваты

Хабарлама түскеннен кейін өрт орнына алғаш болып БМТП күштері, кейіннен ТЖМ бөлімшелері жетті. Өрттің таралуына жол бермеу мақсатында оны сөндіру жұмыстары дереу ұйымдастырылды. Өртті жоюға ТЖМ су төгетін құрылғымен жабдықталған әуе кемесі тартылды. Әуе кемесінің экипажы жалпы көлемі 27 тонна суды құрайтын 9 рет су төгуді орындады.

ТЖМ өрт сөндірушілерінің, орман шаруашылығы қызметкерлерінің және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрттің таралуына жол берілмеді.

-Қазіргі уақытта оқиға орнында кезекшілік және бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аумақтағы жағдайды Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері бақылауда ұстап отыр,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Баянауыл ұлттық паркіннен өрт шыққаны туралы жаздық.