Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркінің мәліметіне сүйенсек, жазғы туристік кезең енді бір айдан соң ашылады деп күтіліп отыр.
— Ұлттық парктің аймағына кіру кезінде бір реттік экологиялық алымдар қарастырылған. Одан түскен қаражат аумақты санитарлық тазарту және абаттандыру қызметтері үшін жұмсалады. Бекітілген тариф бойынша жеке тұлғалар бір тәулікке — 649 теңге, жеңіл автокөліктер — 1730 теңге, 16 орынға дейінгі шағын автобустар мен ауыр жүк автокөліктері 8650 теңге төлейді. Ал сыйымдылығы 32 жолаушыға дейінгі автобустарға — 12 975 теңге, 32 орыннан асатын автобустарға тариф тәулігіне 21 625 теңге етіп бекітілген. Демалыс аймағында 54 демалыс үйі мен 15 кафе (қоғамдық тамақтану орындары) бар, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшысы Алмаз Жұмашев.
Былтыр демалыс аймағына 177 490 адам келген. Ал биыл келушілер саны 179 мыңнан асады деп күтіліп отыр. Ұлттық парк аумағында 14 туристтік маршрут белгіленген. Туристердің қауіпсіздігін арттыру және олар үшін қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынып жатыр.
Биыл туристік маршруттарда, демалыс аймақтарында, көлдердің маңында және парктің басқа да келушілер көп баратын орындарында жаңа бағыттаушы белгілер орнату қарастырылған.
Сондай-ақ заманауи талаптарға сай екі жаңа санитарлық-гигиеналық торап орнату жоспарлануда. Өткен жылы сатып алынған қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер биыл келушілер ең көп жиналатын және аса қажетті нүктелерге толық орналастырылады. «Қоңыр әулие үңгірі» туристік маршруты аумағында туристер үшін қосымша ыңғайлы баспалдақтар орнату көзделген. Бұл жоғарыға көтерілу барысын қауіпсіз әрі жайлы етеді деп күтіліп отыр.
— Сондай-ақ шатырлар тігілетін қалашықты абаттандыру аясында қосымша автотұрақ аймағын құру, аумақты қоршау жоспарланған. Келушілер үшін дәретхана орнатылады. Бірақ бұл жерге су мен электр энергиясын тарту қарастырылмаған. Себебі бұл демалыс түрі жабайы туризм санатына жатады. Жазғы туристік маусымға дайындық шеңберіндегі маңызды шаралардың бірі — бақылау-өткізу пункттерін автоматтандыру. Қазіргі уақытта пунктті автоматтандыру бойынша конкурс өткізілді. Ол мемлекеттік сатып алулар нәтижесіне шағымдану сатысында тұр. Шағым қаралғаннан кейін жеткізуші анықталады, — деп қосты парк басшысы.
Автоматтандыру жүйесі Жасыбайдағы қос бақылау-өткізу пункттерінде енгізіледі. Демалыс аймағына кіру төлемі тәулік бойы автоматтандырылған терминал арқылы алынады.
Бұған дейін депутаттар Баянауыл ұлттық паркі аумағында ағынды суларды тазарту жобасын іске қосу қажет екенін айтқан.