Баянауылдық кәсіпкерлер ұялы байланыстың нашарлығына шағымданып отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жасыбай демалыс аймағына дейін оптикалық талшық тартылған. Алайда демалыс үйлерінің оған қосылуға мүмкіндігі жоқ.
Баянауыл ауданында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының туризм және қонақ үй бизнесі салалық кеңесінің отырысы өтті. Туристік фирмалар, демалыс үйлері мен билік өкілдері жазғы маусымның ашылу қарсаңында туындаған мәселелер туралы талқылады.
Кеңес мүшесі Арман Рахмашев Жасыбай туристік аймағында электр қуаты жетіспейтінін хабарлады. Осы себептен мұнда жарық жиі өшеді. Тағы бір мәселе, демалыс үйлерінің интернетке қолжетімділігі төмен деңгейде. Оның айтуынша, оптикалық талшық демалыс аймағына дейін тартылған. Алайда жергілікті демалыс үйлерінің оған техникалық жағынан қосылуы мүмкін болмай тұр. Бұған қоса жергілікті демалыс үйлерінің өкілдері ұялы байланысқа қатысты да проблемалар барын жеткізді. Байланыс операторларына төлем қабылдау мүмкіндігі де шектеулі.
Салалық кеңес отырысында көтерілген бизнес мәселелері облыстық кәсіпкерлер палатасының және өңірлік спорт басқармасының бірлесуімен зерделеніп, шешімін таппақ.
Еске сала кетейік, Баянауылда бір демде 5 мың адам демала алатын 50-ден аса туристік нысан бар.