Баянауылдық соғыс ардагері 100-ге келді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Баянауылдық соғыс ардагері Қайыр Хасенов 100 жасқа келді. Ақсақал бүгінде 5 баласынан 13 немере, 16 шөбере сүйіп отыр.
Баянауыл ауылында тұратын екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Қайыр Хасенов Қиыр Шығыстағы артиллерия полкының құрамында шайқасқан. Майдан жолын Украинадағы 312-ші полктің құрамында бастаған Қайыр ата Жеңіс парадынан кейін Маньчжурияны азат етуге қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары майдангер Павлодар облысының Максим-Горький (қазіргі Тереңкөл) ауданындағы Октябрь мектебінде ұстаздық қызмет етті. 1969 жылы аудандық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бірнеше рет аудандық атқару кеңесінің депутаты болып сайланды.
Батыр ақсақал тұтас ғасырды еңсеріп, зор құрмет пен мақтануға тұрарлық өнегелі өмір жолынан өтті. Соғыстағы ерліктері үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, маршал Жуков медалімен, сондай-ақ, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Ақсақалдың ұрпақтары Жеңіс күні Қайыр атаның 100 жас мерейтойын атап өтті.
- Әлемді қорғаңдар - бұл бәріне қажет. Оның қандай бағамен келгенін естеріңде сақтаңдар, - дейді қарт майдангер.
Еске сала кетейік, Павлодарда Қалмұқан Исабайдың азап лагерінен салған суреттері сақталып тұр.