Ертіс жағасындағы жаңа тыныс
Павлодар облысының көзге қуаныш сыйлайтын маңызды орындарын көру үшін алысқа барудың қажеті болмады. Сапар Ертіс жағалауынан басталды. Жыл сайын жаңарып келе жатқан жағалау бүгінде қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған.
Мұнда гүлзарлар, орындықтар, субұрқақтар мен заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылып, абаттандырылған аумақ 7 шақырымға дейін созылып отыр. Ал «Ertis Promenade» сахнасы жаз бойы отандық және шетелдік өнерпаздардың концерттерін қабылдайды.
Жағалаудың басты ерекшелігі – мұнда әр жастағы адамға қолайлы демалыс түрінің болуы. Бірі жағажайда волейбол ойнаса, енді бірі суға түсіп, уақытын көңілді өткізеді. Демалыстың басым бөлігі тегін. Ал апта сайын өтетін концерттер жағалаудың жазғы тынысын одан әрі жандандыра түседі.
Усолка: екі жылда өзгермеген көрініс
«Ertis Promenade» – суға шомылып, демалуға болатын жалғыз орын емес. Ертіс жағасында өзге де жағажайлар бар. Алайда олардың жағдайы көңіл көншітпейді.
Мәселен, бағдарламаның алғашқы шығарылымында Усолка орманының маңы көзге түскен. Арада екі жыл өтсе де, мұнда айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Сол орындық, сол жартас, сол қоқыс. Жағажайдағы көрініс те өзгермеген, вандализм іздері, балдыр басқан аумақ және келушілер қалдырған қоқыс көзге түседі.
Судың жағалауы да тазалықтан ада. Қоқыс жиналмай, аумақ ретсіз күйде жатыр.Көпірдің асты да назардан тыс қалған.
Турист үшін жаңа мүмкіндік
Өңірдің басты мақтанышы – Баянауыл. Мұнда келген турист «қайда барамын?» деп ұзақ ойланбайды. Өйткені бағыт-бағдар беретін жаңа заманауи визит-орталық бар.
Бір ай бұрын ашылған, 740 шаршы метр аумақты алып жатқан орталық туристерге Баянауыл туралы жан-жақты ақпарат ұсынады. Интерактивті карта арқылы бағыт таңдауға, музей кеңістігінде өлке тарихымен танысуға, ал жасанды интеллект көмегімен табиғаты мен мәдени мұрасын жаңа форматта тамашалауға болады.
Бұдан бөлек, коворкинг, кітапхана, кофехана және ана мен бала бөлмесі де қарастырылған.
– Баянауыл өңірі – табиғатымен ғана емес, тарихи тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті топырақ. Келген әрбір турист тарихқа бойлай алады, – деді экскурсия жүргізушісі.
Ал турист үшін ең маңыздысы – қажетті ақпаратты бір жерден алып, сапарын алдын ала жоспарлау мүмкіндігі. Арнайы QR-код арқылы өңірдегі демалыс орындарының тізімі мен олар туралы ақпаратқа қол жеткізуге болады. Қайда бару керегін таңдап, нысанмен байланысып, саяхатты бірнеше бағытта жалғастыруға мүмкіндік бар.
Сабындыкөлдегі қауіп
Бағдарлама жүргізушісі келесі кезекте Сабындыкөлге бет алды. Самал желмен тербелген көлде шомылып жүрген адамдарды алыстан көріп, бірден қуанасың. Бірақ жағаға жақындаған сайын әсер өзгере бастайды. Демалыс орны тегін болғанымен, келушілердің табиғатқа жауапкершілігі байқалмайды. Қойылған қоршау да мұндағы жағдайды жасыра алмай тұр.
Қоқыс жәшігі бар. Бірақ оның айналасы тұрмыстық қалдықтарға толып кеткен. Демек, мәселе жәшіктің жоқтығында ғана емес, тазалыққа деген ортақ жауапкершіліктің қалыптаспағанында.
Алайда Сабындыкөлдегі мәселе қоқыспен шектелмейді. Демалыс орнының маңында «Мұнда суға түсуге болмайды» деген ескерту тұр. Соған қарамастан, балалар суға түсіп, ойнап жүр. Қауіп туралы ескертіп жүрген ересектер де көрінбейді. Ал төтенше жағдай бола қалса, бұл аумаққа құтқарушылардың дер кезінде жетуі қиын болуы мүмкін.
Қауіпсіздікпен қатар, қызмет көрсету деңгейі де көңіл көншітпейді. Мұнда өткен жылдардан қалған ескі техника әлі пайдаланылып келеді.
– Көрші аумақта құтқарушылар бар, біраз жағдай қарастырылған. Бірақ мына жерде белгілі бір жағдай болып кетсе, ешкім көмектесе алмай қалуы мүмкін. Тексеріп жатқан ешкім жоқ, – деді демалушылардың бірі.
Туризмге бет бұрған жағалау
Бұдан бөлек, Сабындыкөл жағасында бір жыл бұрын ғана ашылған жаңа демалыс орны бар. Бұған дейін мұнда туристерге арналған инфрақұрылым болмаған. Кәсіпкер нысанды өз қаражатына салып, аумаққа қоқыс жинайтын орындар, жаяу жүргіншілер жолы мен ұлттық нақыштағы киіз үйлер орнатқан.
Бес жыл бұрын көл жағасында бір ғана киіз үй болса, бүгінде жағдай өзгерген. Қазір мұнда 25 киіз үй жалға беріледі, кемпинг пен шағын кафе жұмыс істейді. Абаттандырылған жағажай бір мезетте шамамен 5 мың демалушыны қабылдай алады.
– Тазалығын күнде-күнде бақылап отырамыз, – деді кәсіпкер Дамир Төлебеков.
Инфрақұрылымның дамуы туристердің де қызығушылығын арттырған. Бұрын Сабындыкөл негізінен облыс тұрғындарының демалыс орны болса, қазір Астана мен Қарағандыдан келетін қонақтар көбейген. Бұған Баянауылға жетудің жеңілдеуі де әсер етіп отыр. Ал көл жағасындағы демалыс енді тек суға түсумен шектелмейді.
– Қала қонақтары келіп, мұнда атқа мінеді, квадроцикл айдайды, сосын тау аралайды, – деді кәсіпкер.
Сенбіліктен нәтиже бар ма?
Келесі аялдама – ең үздік туристік ауылдардың қатарына енген Торайғыр. Осы жолдың бойында тазалық жұмыстары да тұрақты жүргізіледі. Мұнда жастар сенбілікке жиі шығады екен.
– Апта сайын сенбілікке шығып тұрамыз. Туристерге тазалық жайын ескертеміз, – деді жастар.
Өлкедегі тазалық жұмыстары қоқыс жинаумен шектелмейді. Жастар мен тұрғындар аумақты ретке келтірумен қатар, жартастардағы вандализм іздерін жоюға тырысады. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ринат Елденнің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, ауылдық жерлерде «Мөлдір бұлақ» акциясы маусым бойы жалғасады. Жастар мен тұрғындар бұлақтардың көзін ашып, маңын тазалап, ауылдардың көркін кіргізіп жүр.
Алайда тауға қарай бет алғанда, атқарылған жұмыстың нәтижесіне қатысты сұрақ көбейеді. Жартастардың әр тұсында сызылған, бояумен жазылған түрлі жазулар көзге түседі. Қолда бар мәліметке сүйенсек, вандализм іздерінің шамамен 20 пайызы ғана жойылған. Ал қалған 80 пайызы әлі сол күйінде тұр.
Сонда Баянауылдағы тазалық акцияларының нәтижесі қандай? Жұмыстардың ауқымы айтылғанымен, табиғаттағы көрініс бұл сұраққа нақты жауап бермейді. Өйткені Баянауылдың әрбір тасы – тарихтың бір бөлігі. Ғасырлар бойы сақталған жартастарға біреулер өз есімін жазып, табиғи мұраға із қалдырған. Көзге көрініп тұрғаны осы. Ал үздіксіз сенбіліктің нәтижесі байқалмайды.
Торайғыр «туристік ауыл» атауына лайық па?
Келесі бағыт – Қазақстанның 2026 жылғы үздік туристік ауылы атанған Торайғыр. Жасыған көңіл осында орнығар деген үміт болған. Алайда жүргізушілер тұрғындармен тілдескенде, ауылдың қордаланған мәселелері әлі де бар екені белгілі болды.
– Жол мәселесі ақсап тұр. Көп жерді жөндеу керек, – деді тұрғындар.
Расымен, ауыл ішін аралап жүріп, табиғатынан өзге таңқаларлық дүние көзге түсе қоймайды. Үздік туристік ауыл атануына басты себеп – көркем табиғаты секілді. Елді мекен маңында сұлулықты тамашалауға келген саяхатшыларға арналған кемпингтер мен киіз үйлер бар.
Алайда демалыс орындарына жақындай бергенде, көзге көрінбеген тағы бір мәселені құлақ шалады. Бұл – электр энергиясының тапшылығы.
– Мұнда қызмет көрсету сапасы былай тұрсын, жергілікті кәсіпкерлер келушілерді дәл осындай шағын генераторлармен күтіп алуға мәжбүр. Өйткені жарық мәселесі әлі шешілмеген, – деді тұрғындар.
Ауылдың туристік мәртебесі берілгенімен, келушілерге қажетті базалық жағдайдың өзі толық жасалмаған. Дәл осы себептен жергілікті кәсіпкерлер электр энергиясын өз күшімен жеткізуге мәжбүр.
– Мамырдан бастап сол жарық мәселесін сұрап келеміз. «Болады» деді. Келіп, киіз үйлерімізді құрып, кісілерге жағдай жасап, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бар қажетті заттарды, тоңазытқыштарды да әкеліп қойдық. Бірақ біздегі ең бірінші мәселе – сол жарық. Мамырдан бері «болады, болады» деп келеді. Аудан әкіміне де бардық, ауыл әкіміне де айттық, облыстық деңгейге де жаздық, – деді кәсіпкер Маржан Шұғайыпова.
Тағы бір базалық қажеттілік – су да жолға қойылмаған. Мұнда ауыз су ғана емес, шаруашылыққа пайдаланатын су да жоқ. Құбыр тартылмағандықтан, кәсіпкерлер суды өздері тасуға мәжбүр.
– Суды әркім өзі үйінен тасиды. Осында келіп, жалға алған кісілерге де суды үйден тасып береміз, – деді кәсіпкер Әсем Сағынтаева.
Туристер таңдаған мекен
Жасыбайдың жауһар табиғаты мен көлдің көркем келбетін қатар тамашалағысы келетіндер үшін тағы бір демалыс орны бар. Көл жағасында бой көтерген кешен 2021 жылы толыққанды жұмысын бастап, содан бері жыл сайын дамып келеді. Бүгінде мұнда бір мезетте 200-ге жуық қонақ жайлы демала алады. Бірнеше корпус, жеке виллалар мен жайлы үйлерден бөлек, мұнда демалысты қызықты өткізуге қажетті жағдайдың бәрі қарастырылған. Бассейн, балалар жағажайы, монша және атпен серуендеу – соның бір парасы.
– Атпен серуендеуге болады. Орманға барамыз, – деді кәсіпкер Қаныш Әбиев.
Жазғы маусымда аумақтың ажары тіпті арта түседі. Екі ай ішінде мұнда еліміздің әр өңірінен келген туристермен қатар, шетелдік қонақтар да аялдайды. Бір жағында Жасыбайдың тұмса табиғаты болса, екінші жағында заманауи демалыс кешені орналасқан.
– Былтыр Дубайдан келіп демалғандар болды. Таңғалып, ләззат алып кетеді, – деді кәсіпкер.
Жасыбайда туристерге жағдай жасалған демалыс орындары мұнымен шектелмейді. Соның бірі – жағалауда орналасқан, инфрақұрылымы жолға қойылған демалыс орны. Мұнда тазалық пен қауіпсіздікке мән беріліп, келушілердің жайлы уақыт өткізуіне қажетті жағдай жасалған.
– Үш жыл бұрын келген едім. Қазір бәрі өзгеріпті, жақсы жағына, – деді демалушылардың бірі.
Жағалаудағы демалыс та жылдан жылға түрленіп келеді. Гидроцикл мен қайықтан бастап, квадроциклге дейін түрлі қызмет бар. Ал тауды тамашалағысы келетіндер атпен серуендей алады.
Шатыр қалашығындағы сапа
Бағдарлама жүргізушілері шатыр қалашығына да ат басын бұрды. Атауы ерекше болғанымен, мұндағы жағдай көңіл көншітпейді. Бірнеше күнге отбасымен келген Раушан Әкімжанованың айтуынша, Баянауылдағы ең өзекті мәселенің бірі – санитарлық тораптың тапшылығы. Бар болғанының өзі ақылы, кейбірі тіпті жабық тұрады.
– Тауға қарай шығып көрсеңіздер, айналаны әжетханаға айналдырып жіберген. Өйткені заманауи санитарлық торап жоқ, – деді саяхатшы Раушан Әкімжанова.
Санитарлық жағдаймен қатар, мұнда қызмет көрсету сапасына да сын көп. Демалушылардың сөзінше, баға мен көрсетілетін қызмет деңгейі бір-біріне сай емес.
– Сервистің ақсап тұрғаны рас. Балалар ойнайтын кейбір дүниелер ақылы болады. Тамағы да қымбат, – деді саяхатшы Раушан Әкімжанова.
Қандағаш тоғайы – табиғаттың тартуы
Баянауылдағы демалыс тек тау-тасты аралап, тарихымен танысып, жағажайда уақыт өткізумен шектелмейді. Мұнда таңғажайып бақ бар.
Дәл осында Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек реликт өсімдік – жабысқақ қандағаш өседі. Ал кіреберістегі шипалы Әулие бұлаққа су алуға келетін қонақтар мен туристердің қатары жыл сайын артып келеді.
Бұлақ бойында өсетін сирек ағаш тұщы суы мен минералға бай топырақты жерлерді мекендейді. 150 жылға дейін өмір сүретін қандағаш – Баянауылдың табиғи шежіресінің бір бөлігі. Сондықтан тоғайды өңірдің табиғи ерекшелігін көрсететін бірегей мұра деуге болады.
Кей деректерде қандағаштың Канадада, Кола түбегінде және Қазақстандағы Баянауылда ғана кездесетіні айтылады. Сирек өсімдіктің қазақ даласында сақталуының өзі – табиғатымыз үшін айрықша құндылық. Ерекше мекенге жететін жол да ретке келтірілген. Келушілерге бағыт-бағдар көрсететін баннерлер қойылып, аялдап демалатын орындар да қарастырылған. Яғни табиғи мұраны тамашалауға келген турист үшін қажетті жағдай жасалған.
Қоқыс қайда кетіп жатыр?
Табиғат тамсандырғанымен, дәл іргедегі қоқыс полигоны бұл көріністің сәнін бұзып тұр. Мәселенің мән-жайын білмек болып, жүргізушілер Баянауыл маңындағы полигонға арнайы барды. Алайда кіреберістің өзінде сұрыпталған қоқыс емес, жан-жаққа шашылған тұрмыстық қалдықтар қарсы алады.
Сыртқа төгілген қоқыс уақытылы жиналмай, тиісті деңгейде көмілмеген. Полигонның айналасы қоршалмаған, қоқыс сұрыптау жүйесі де жоқ.
Осылай жалғаса берсе, полигонның аумағы жасыл желекке қарай ұлғая түсуі мүмкін. Астаң-кестең болған аумақта қоқыстың бір бөлігін төрт түлік қана азайтып жүр.
– Күлімсі иіс шығады ғой. Әрдайым тазалап тұрамыз, – деп қысқа қайырды Баянауыл ауылдық округінің әкімі Фархат Дәрібай.
Ал барша Баянауылдың қоқысы жиналатын полигонда небәрі бір техника жұмыс істейді. Оның өзі жиі істен шығады. Тазалықтың ақсауы мен техниканың тапшылығының салдары полигонның қазіргі көрінісінен-ақ байқалып отыр.
Түйткілдерге жауап
Бағдарлама дәстүріне сай, жүргізуші жергілікті басшылықпен кездесіп, көтерілген мәселелерге жауап алды. Алдымен Сабындыкөлдегі ретсіздік сөз болды. Жергілікті билік жағдайды қолға алуға уәде берді. Енді бұл аумақтағы тәртіпті бақылау туристік полицияның да міндетіне айналмақ.
Ал Қазақстанның үздік туристік ауылы атанған Торайғырдың жарық мәселесін шешу келесі жылға жоспарланып отыр.
– Келесі жылға Торайғыр ауылының жағажайын толық реконструкциялау жоспарланған. Ол Сабындыкөл мен Жасыбай көлдерінің жағажайлары үлгісінде жаңартылады. Яғни мұнда жататын орындар, демалуға арналған орындар, спорт алаңдары мен қоқыс контейнерлері орнатылады. Оған қажетті қаржы қарастырылып, жұмыстар 2027 жылы жүзеге асырылады. Жарық мәселесі де шешіледі, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Ауқайырова.
Баянауылдағы қоқыс мәселесін шешу үшін жаңа полигон салу да алдағы жылдарға жоспарланған.
– Мәселе біз үшін ашық тұр және қазір шешіліп жатыр. Жақын арада жаңа қоқыс полигонын салу мәселесі де шешіледі деп ойлаймын, – деді ол.
Ал Усолкадағы тазалық мәселесіне қатысты маман жауапкершілікті демалушылардың өзіне жүктеді.
– Усолка жағалауы коммуналдық қызметтер тарапынан тұрақты түрде тазаланады. Сонымен қатар қалалық сенбіліктердің басым бөлігі дәл осы Усолка арнасында өткізіледі. Қоқыс та жүйелі түрде шығарылады. Дегенмен бұл мәселе, ең алдымен, осы аумаққа келетін туристер мен жергілікті тұрғындарға байланысты. Табиғатқа осылай немқұрайлы қарау тұрғындардың жауапсыздығы деп есептеймін, – деді Салтанат Ауқайырова.
Сарапшылардың бағасы
Баянауыл екі түрлі әсер сыйлады. Бір жағында – Жасыбайдың жауһардай жарқыраған жағасы, Сабындыкөлдің самалы, Қоңыр әулиенің тылсым тынысы. Екінші жағында – осы сұлулыққа көлеңке түсірген көріністер тұр. Бағдарламада бәрі бүкпесіз көрсетілді. Бұл мәселелерге қатысты сарапшылардың бағасын да білдік.
«Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Елдос Абақановтың пікірінше, Баянауыл қарқынды дамып жатыр. Алайда туристік инфрақұрылым әлі толық қалыптаспаған.
– Бағдарламада туризмді дамытуға бағытталған жоспарлар тарқатылмады. Әзірге дұрыс жолға қойылмаған. Алдағы уақытта ретімен жүйеленсе, маркетингтік шаралар атқарылса, өңір ең танымал аймаққа айналуы мүмкін, – деді спикер.
Ал қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш өңірді жекелеген нысандармен шектелмей, кешенді түрде дамыту қажет екенін атап өтті.
– Сәулеттік ансамбльді жүйелеу керек. Демалушыларға жағдай жасау маңызды, – деді сарапшы.
Туризм саласындағы инвестицияларды тарту және ілгерілету басқармасының басшысы Мөлдір Боздақбаева да шешімін күткен негізгі мәселелерді атап өтті.
– Өңірде инженерлік инфрақұрылым, жол мәселесі, тұрмыстық қалдықтар мәселесі шешімін күтіп отыр, – деді Мөлдір Боздақбаева.
Осылайша, бағдарлама қорытындысы бойынша Павлодар облысы 19 ұпай еншіледі.