Баянауылға аққулар жиі ұшып келіп жатыр

Фото: Фото: Баянауыл ұлттық паркі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Баянауыл ұлттық табиғи паркінің директоры Аждар Жүсіпов су айдындарына аққулар жиі ұшып келіп жатқанын хабарлады. Құстар сыбырлақ аққу түріне жатады.

- Аққуларды біздің мекеменің инспекторлары байқаған. Әсіресе, Далба орманшылығының Күркелі ауылдық округі аумағында сыбырлақ аққулардың жылдағыдан көптігі байқалады. Сыбырлақ аққулар елімізде кең тараған, көбіне қалың қамысты-қоғалы ірі көлдерін мекендейді. Біздің Баянауыл жерінде Қызыл кітапқа енген қиқылдақ аққу да кездеседі. Жалпы ұлттық парк аумағында қауырсын қанаттылардың 205 түрі бар болса, соның 9-ы Қызыл кітапқа енген, - дейді парк басшысы.

Орнитологтардың айтуынша, сыбырлақ аққудың (Cygnus olor) тұрқы ірілеу, салмағы 14 келіге дейін болады. Түсі ақ, тұмсығы – қызыл, оның үстінде қара шор байқалады. Жас құстар қоңыр-сұр түсті. Жүзгенде мойнын латынның S әрпі түрінде иіп ұстайды. Ұшып бара жатқанда алыстан қанаттарының ырғақты сусылдаған дыбысы естіледі. Осы ерекшелігі арқылы сұңқылдақ аққудан ерекшеленеді әрі соңғысының тұмсығы сары-қара, шор болмайды.Қазақстанның барлық суқоймаларында кездеседі.

Еске сала кетейік, былтыр Баянауылға жылы жақтан аққулар наурыз айында ұшып келе бастаған.