Байбек медициналық мекемелерді Израиль мен Германия компанияларына беруді ұсынды
«Алматылықтар шетелде емделуге 500 миллион доллар жұмсайды. Олардың дені Оңтүстік Корея, Израиль, Германияға барады. Меніңше, біздің медициналық мекемелерді осындағы біреуге бере салмай, сол брендтерге беру қажет. Біз барып емделетін брендтерге беру керек. Олармен осында келіп қызмет көрсету жағынан келісу керек. Сонда пациенттер жағы артады. Себебі, визаға, жолға, ұшаққа, сонда тұруға ақша жұмсалады. Онымен қатар, емделуге адам жалғыз бармайды. Біз ашықтықты сақтай отырып, алматылықтар сенетін компаниялар осында келетіндей жағдай жасағымыз келеді», - деді Бауыржан Байбек.
Айта кетейік, бүгін Алматы кәсіпкерлерінің жыл сайынғы конференциясы өтіп жатыр. Күн тәртібінде Алматы қаласы кәсіпкерлігі дамуының негізгі басымдықтары оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік, жекешелендіру, туризм дамуы, бизнес-ортаны қалыптастыру ұсыныстар бойынша мәселелер талқылануда.