Байбек министрлерге тауарларды жеңілдікпен сату жайында айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметте Алматыдағы Универсиадаға дайындық шараларын талқылау барысында қала әкімі Бауыржан Байбек сауда орталықтарында ұйымдастырылатын жеңілдіктер акциясы туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, спорттық шара аясында 40-тан астам мәдени шара ұйымдастырылады. Спортшылар жататын қалашықтың дәл жанында этноауыл фестивалі өтеді. Ал бас штабтың алдында мультимедиялық құрылғылармен жабдықталған киіз үй орнатылады. "Бұдан бөлек, қаңтардың 20-сы мен ақпанның 10-ы аралығында қалада жеңілдіктер фестивалі өтеді. Оған 100-ге жуық сауда орталығы қатысады. Тауарлардың бағасы 10-80 пайызға дейін төмендетілетін болады", - деп атап көрсетті Байбек.

Айта кетейік, қаңтардың 23-і күні Бүкіләлемдік қысқы Универсиада қалашығына спортшылар орналаса бастайды. Универсиада  кезінде 7 мыңнан астам полиция қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.  Техникалық, санитарлық және экологиялық нормаларға сай емес көліктер Алматыға кіргізілмейді. 

Алматы қаласында өтетін Универсиадаға әлемнің 59 елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысады.  Қазақстанның намысын 168 спортшы қорғайды. Алматы қалысының әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, Ресей, Қытай, Канада сияқты мемлекеттер Алматы Универсиадасына үздік спортшыларын аттандырғалы отыр.