Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен қаланың жол және коммуналды инфрақұрылымдарын қайта жасау жұмыстарын тексеру барысында қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновке сөгіс жариялады.
Байбектің айтуынша, Асқаров көшесі бойымен Әл-Фараби даңғылының батысына таман ұзындығы 3,5 шақырым болатын жердегі су құбырлары жүйесін қайта жасау жұмыстары өте баяу жүріп жатыр.
Нақтырақ, айтқанда, аталған учаске бойынша конкурста жеңіске жеткен Петропавл қаласының «Титан Север» ЖШС-і осы уақытқа дейін небәрі 2 шақырым жердің жұмысын ғана атқарған. Алматы қаласы Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы қалған 1,5 шақырым аумақтың жұмысы қыркүйек айының ортасына таман аяқталатынын айтты.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс барысында жаяу жүргіншілерге басымдық беретін Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен «Астана» алаңын, сонымен қатар қаланың жол және коммуналды инфрақұрылдымдарын қайта жасау жұмыстарын тексерді.
Қала басшысымен кездесуде биылғы жылы 146 шақырым жол жөнделіп жатқаны, 97 мың шаршы метр тротуарлардың абаттандырылғаны, 42,2 шақырым болатын арықтар желісі мен 57 көшеде қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны баяндалды.
Сондай-ақ, биыл Алматыда 32 шақырымнан астам жылу жүйесі жаңартылды. «Әйгерім», «Ұлжан 1,2», «Қарасу», «Ақбұлақ», «Дархан», «Құрылысшы», «Өжет», «Трудовик», «Шаңырақ 1,2», «Алтын бесік», «Достық» және басқа ықшам аудандардағы 20 мыңнан астам үйлерді қамтамасыз ететін 380 шақырымнан астам су және кәріз құбырлары тартылып жатыр.
Сондай-ақ, Бауыржан Байбек Абай даңғылы бойындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпірді қайта жасау жұмысын тексерді. Жөндеу жұмыстарын екі ауысыммен жүзге жуық адам жүргізіп жатыр. Үстіміздегі жылдың 27 тамызында көпірдің солтүстік бөлігімен көліктерді өткізуді бастау жоспарланған. Бұдан соң құрылысшылар көпірдің оңтүстік бөлігінің жөндеу жұмыстарын қолға алып, оны 25 күн ішінде аяқтамақ.
Алматы әкімі Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен «Астана» алаңын қайта жаңғырту жұмыстарын да тексеріп шықты.