ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында каноэ есуден Қазақстан құрамасының өкілдері Мария Бровкова мен Руфина Искакова Париж Олимпиадасының жұбаныш финалында бақ сынап, жарысты 11-орында аяқтады.
Нақтырақ айтсақ, екі адамдық каноэмен 500 метрге жарысу сайысының B финалында Мария Бровкова мен Руфина Искакова ел намысын қорғады. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар өз тобында 1:57:58 нәтижесін тіркеп, үшінші орын алып, жалпы есепте 11-сатыға табан тіреді.
Айта кетейік, әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде бар.
Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда мәресіне жетеді. Төртжылдықтың басты додасына әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысуда. Олимпиадашылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.
Күнсұлтан Отарбай
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.