Байден әскери қызметшілердің жалақысын көтеру туралы заңға қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Джо Байден Қорғаныс саласына қатысты заңға қол қойды. Ол құжат кіші құрамдағы әскер қызметшілердің жалақысын көтеруді және трансгендер әскери қызметшілердің балаларын емдеуге тыйым салуды қарастырады, деп хабарлайды Кazinform тілшісі Military.com сайтына сілтеме жасап.

Фото: military.com

АҚШ Президенті «Әскери қызметшілердің жалақысын көтеру және 2025 қаржы жылының ұлттық қорғанысына рұқсат ету туралы» заңға қол қойды (H.R. 5009 заңы). Аталған заң Қорғаныс, Энергетика, ұлттық қауіпсіздікті бағдарламалау, Мемлекеттік департамент пен Ішкі қауіпсіздік министрлігі және барлау қоғамдастығына қаржы бөлуді санкциялайды.

Заңға сәйкес, «E-1» — «Е-4» (қызмет етуі тиіс уақыты жеткенде бірден беріледі) рангіндегі әскери қызметшілерге бөленетін қаржы 14,5% өседі. Аталған шешімге екі партияның да заң шығарушылары дауыс берді. Себебі екіпартиялық комиссия жоғарыдағы санаттағы әскери қызметшілер бірінші кезекте қажетті дүниелерді әзер алады, ал олардың қаржысы жеке сектордағы жалақы мен инфляцияға жете алмайды деп шешкен.

Өзге әскери қызметшілердің жалақысы жылдағыдай 4,5% көтерілсе, төменгі құрамдағы әскери қызметшлердікі 2025 жылдың сәуірінен бастап 10% өседі.

Республикашыл Өкілдер палатасы трансгендер әскери қызметшілердің балаларының денсаулығына бөлінетін қаржының бір бөлігін жабуға мүмкіндік беретін Tricare-ге (АҚШ Қорғаныс министрлігінің денсаулық сақтау бағдарламасы) тыйым салатын ережені сәтті енгізді.

Джо Байден заң жобасына қол қойылған соң Ақ үй жариялаған мәлімдемеде Tricare-мен байланысты шектеулермен түбегейлі келіспейтінін жеткізді.

Осыған дейін Дональд Трамптың АҚШ армиясы қатарынан 15 мың трансгендер сарбазын қуып шыққалы отырғанын жаздық.