Байденнің бір баяндамасы – 300 мың доллар
НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM – АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден кез келген іс-шарада баяндама жасау үшін ұйымдастырушылардан 300 мың доллар талап етеді. Бұл туралы New York Post басылымы хабарлады, деп жазады ТАСС.
Басылымның мәліметінше, егер іс-шара басқа қалада өтсе, Байден жеке ұшақпен ұшып баруы тиіс және онымен бірге бес көмекшісінің де жол шығындары толықтай өтелуі керек.
Айта кетерлігі, Байден сұрап отырған сома АҚШ-тың 44-президенті Барак Обаманың 2017 жылы қойған 400 мың долларлық бағасынан 25 пайызға аз.
Соған қарамастан, экс-президенттің спикер ретіндегі танымалдығы аса жоғары емес. Байденмен жұмыс істейтін Creative Artists Agency (CAA) оны түрлі іс-шараларға шақырушыларды табу қиынға соғып отырғанын айтқан.
Бұрынғы президент жақында, яғни президенттік қызметінен кеткеннен кейін алғаш рет көпшілік алдында сөз сөйледі. Ол Иллинойс штатының Чикаго қаласында мүмкіндігі шектеулі адамдарға заң көмегін көрсететін үкіметтік емес ұйым өткізген конференцияда баяндама жасады.
NYP тілшісіне пікір білдірген бұрынғы Ақ үй қызметкері Байденнің біраз әлсірегенін атап өткен.
– Бұл көріністі көру бізге ауыр тиді. Мен қадір тұтатын адамның қартайғанын байқадым, - дейді ол.
2025 жылғы 20 қаңтарда Джо Байден 82 жасында президенттік өкілеттігін Дональд Трампқа тапсырған болатын. Оның президенттік мерзімі кезінде жиі сөзден жаңылуы мен әртүрлі оғаш қылықтары саяси қарсыластарының сынына ұшыраған.
Айта кетейік, Трамп Байден жариялаған рақымшылықтың күшін жойған болатын.
Сондай-ақ Трамп бұрынғы президентті құпия ақпаратқа қол жеткізу құқығынан айырды.