Бəйдібек ауданында болған басқосуда ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсетуді жақсарту мен мәдениет мекемелерінің шығармашылық, ұйымдастырушылық жұмыстарын және кәсіби біліктілігін көтеру мәселелері сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен шарада қазіргі заман талабына сай клуб жұмыстарының жаңа инновациялық түрлері мен технологиясын меңгеру, оларды кеңінен пайдалану жайы талқыланды. Халық шығармашылығын дамыту мақсатында өткізілген басқосуда халықтың бос уақытын тиімді пайдаланудағы ауылдық клубтардың рөлі мен орны айтылды. Бүгінгі тынысы мен елге мəдени қызмет көрсету тақырыптары аясында баяндамалар оқылып, қатысушылар көкейдегі көптеген сауалдары мен пікірлерін ортаға салды. Мəдениет ошақтарында үйірме жұмыстарын жандандырумен қатар, салт-дəстүрді кеңінен насихаттайтын шаралар да тұрақты қолға алынуы қажеттігі айтылды.
Семинар соңында ауылдың мəдени келбетін танытатын қолөнер жəне қылқалам иелерінің туындыларынан құралған көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ Екпінді ауылдық клубының көркемөнерпаздары «Тұсаукесер» сахналық көрінісін көрсетті.